Бұл қалай?

«Ауыл» десе елеңдеп, бүйрегіміз бүлк ете қалатыны несі! Сол ауылдағы қаңырап бос қалған, бұзылған үйлерді көргенде жүрек тұсы шаншып, сыздап қоя береді. Өйткені, ауыл – бәріміздің алтын бесігіміз. Алтын бесік елсіз далада бос қалса, бәрімізге сын. IMG_1603Қостанай облысының солтүстік-батысында орналасқан Қарабалық ауданы туралы газетімізде сирек жазылатыны рас. Жуырда аталмыш ауданның Өрнек ауылына жолымыз түсті. Аудан орталығынан ұзаған соң, тақыр жолға түсіп алып, Өрнекке қарай зуладық. Бұл жерде қазақ журналистикасының аталарының бірі, төл газетіміз «Қостанай таңының» алғашқы редакторы әрі «Айқап» журналының рдакторы Мұхамеджан Сералин туған. Сіз бен бізге қатар ыстық мекенге жеткенше асықтық. IMG_1633Шекара шетінде орналасқан ауылдың жағдайы мәз емес. Мұнда бар-жоғы жиырмаға жуық үй қалыпты. Күйреген көріністерді көргенде көңіл құлазиды. Еңбекке жарамды жастар жұмыс іздеп аудан орталығына және қалаға көшіп кеткен. 1987 жылы іргетасы қаланған «Өрнек» мектебінің болашағы да бұлыңғыр. Осыдан бес жылдай бұрын бала саны күрт азайып, ақыр соңында бастауыш мектеп болып қалды. 2016-2017 оқу жылында жеті-ақ бала бітірген. Екі қабатты ғимараттың іші қазір қаңырап бос тұр. IMG_1626– Өткен оқу жылында 1-сыныпты төрт оқушы, 2-сыныпты бір оқушы, 3-сыныпты екі оқушы бітірді. 4-сыныпта бала болған жоқ. Осы жетеуі оқуларын ары қарай жалғастыра беретін шығар. Мектептің болашағына алаңдаймыз. Өйткені, ауылда мектеп жасындағы балалар жоқ. Жұмыс болмаған соң жастар да тұрақтамайды. Жасы үлкен кісілер де азайған. Көштің соңында қалып, туған өлкеде тіршілік етіп жатқандар 40 пен 60 жастың аралығындағы адамдар. 
Кейбір облыстардың ауылдарында балалар тозығы жеткен мектептерде оқып жатыр. Кей өңірлерде мектептер жетіспейді. Соның бәрін телеарналарда жаңалықтардан көрсетеді. Ал бізде екі қабатты, даңғарадай мектеп бос тұр. Ішің удай ашиды. Былтыр бірінші қабаттың жартысын ғана пайдаландық. Мен мұнда 2001 жылдан бастап жұмыс істеймін. Сол уақыттан бері қазақ мектебінің жағдайы бір оңалған емес,-деді мектеп меңгерушісі Гүлбаршын Ермағамбетова.IMG_1608Ауыл адамдарының қалаға жаппай қоныс аударуы өкінішті жағдай. Сананы тұрмыс билеген заманда жастарға «туған жерден кетпеңдер» деп айтудың өзі қиындау. Өйткені, жұмыстың жоқтығы адамды аздырар деп қорқасың. Мұндайда:
«Сен де кеттің,
Мен де кеттім,
Ол да кетті ауылдан.
Осынымыз ұят болды-ау, ұят болды-ау қауымнан!»- деп басталатын ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңі еріксіз еске түседі. IMG_1605
IMG_1654Өрнектің қазіргі жағдайын билік басшыларына жеткізіп, жарғақ құлағы жастыққа тимей жүгіріп жүрген мемлекеттік тілдің жанашыры, осы ауылдың тумасы Төлен Рамазанұлы болатын. Ауыл азаматы 2017 жылғы 12 маусымда Қарабалық ауданының әкімі Қанат Ғабдулинге хат жазған еді. Сол хатқа берліген ресми жауапта: «Білім алушылардың соңғы 10 жылда қозғалыс динамикасы 2007 жылы 41 аудан мектептерінде 4321 білім алушылар, 2017 жылы 35 мектепте 3087 білім алушылар білім алғанын көрсетті. Бұл мектеп оқушыларының 1680 оқушыға немесе 1,7% азайғандықтарын көрсетеді. Ал соңғы 5 жылдың ішінде оқушылар саны 2,8% азайған»,- деп жазылған (26.06.2017ж. №ФЛ-Т-144. Хат стилі сақталған). Аталған хатта 2017 жылы мемлекеттік тілде білім алатын балалардың саны 229 немесе жалпы қазақ балалары санының 20,5 пайызын құрайтыны да жазылыпты. Жағдайды енді түсінген шығарсыз. Демографиялық көрсеткіш жақсармаса, халық сыртқа көше берсе ауыл қайтып оңалар? Жылда балалардың саны кеміген сайын мектептер қаңырап бос қала ма? Алыстан жау шақырды демеңіз. Бұл сөзіміз ауруын жасырып, өлмеу үшін айтылып отыр. Ауыл азаматы Т.Рамазанұлы демографияны жақсарту үшін нақты шаралар жасауды ұсынады. Алдымен, ішкі миграцияны жандандырып, шетелдегі қандастарды солтүстікке, ауылдарға шақырсақ жақсы емес пе. Мысалы, Қарабалық ауданының (Қостанай обл.) әкімдігі, мәслихат депутаттары халық санын еліміздің оңтүстік немесе батыс облыстарының халқы есебінен көбейтуге болар еді. IMG_1533-Солтүстік аймақтарда тұру шартымен солтүстік пен оңтүстік азаматтарының арасындағы некені кеңінен насихаттау, тіпті, кейбір кезде материалдық тұрғыдан қолдау қажет. Әкімдер мен депутаттар демографияны реттеу арқылы солтүстіктегі және шығыстағы ауылдардың қаңырап бос қалмауына назар аударар еді, мектептер жабылмас еді, ғимараттары іске жарап тұрар еді, солтүстікте ауылшаруашылығы жұмыстарымен айналысатын қандастарымыз қала халқын сапалы, экологиялық таза азық-түлікпен қамтамасыз етуге үлес қосар еді, шекаралық аймақ «жалаңаш» қалмас еді. Көшіп келетін отбасыларға ауылдың жағдайын алдын ала айтып, түсіндіру керек. Біздің ауылға жеті-сегіз баласы бар бес отбасы келсе, Өрнектегі мектепті тоғыз жылдық қылуға болар еді. Тоғыз жылдық мектеп болса бізге он-он екі мұғалім қажет болады. Осылайша мектепті, ауылды көркейтеміз. Өрнектің жері тұрмысқа қолайлы, отын-су жағынан мәселе жоқ. Ауыл адамдары мал бағады, құс ұстайды. Ауыз суды құдықтан алады. Жарық та бар. Тек ғана ұялы байланыс операторы жетіспейді,- дейді Төлен Рамазанұлы.IMG_1517Биыл публицист, журналист Мұхамеджан Сералиннің туғанына 145 жыл. Тіл жанашыры Т.Рамазанұлы осы мерейтойға орай Мұхамеджан Сералин қорын ашуды ұсынып отыр. Облысымыздың белгілі кәсіпкерлері, Қарабалық ауданынан шыққан беделді азаматтар және ауылдың жанашырлары бас көтеріп, көп балалы ортбасылардың Өрнекке көшіп келуіне жағдай жасаса дейді. Елбасы биылғы «Болашаққа бағдар: рухани» жаңғыру мақаласында «Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады» деп жазды. Біздің бабаларымыз ғасырлар бойы ұшқан құстың қанаты талып, жүгірген аңның тұяғы тозатын ұлан-ғайыр аумақты бекерден-бекер қорғаған жоқ. Сол жер бос қалмасын, ауылдар азып тозбасын десек бәріміз бір мақсат жолында біріксек игі. Өрнек ауылының жағдайы бәрімізді алаңдатады. Өйткені, гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз. 
 
Қымбат ДОСЖАНОВА
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓