Ақындар аламанға түсті
Қостанай ауданының орталығы Затобол кентінде аудан әкімдігі және Маңдай батыр мешітінің бас имамы Азамат қажы Мырзақановтың ұйымдастыруымен ақындар арасында «Дін мен дәстүр» тақырыбында айтыс пен мүшәйра өтті. Оған аудан төңірегіндегі ауылдардан 15-ке жуық ақын қатысып, бақтарын сынады. Бұл айтыс пен мүшәйрадан оза шауып бәйге алғандар 12 тамыз күні өтетін Қостанай қаласындағы облыстық жарысқа бармақшы.
Игі іске мұрындық болған аудан әкімінің әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Бауыржан Көпжасаров сөз сөйлеп, ақындарға сәттілік тіледі.
Осы өнер бәйгесінің қазылар алқасының құрамында белгілі айтыскер ақын, тәлімгер ұстаз Әлпия Урманшина, Марал ишан атындағы Ақ мешіттің наиб имамы Дархан Сыздықов, «Қостанай таңы» газетінің тілшісі, ақын Нұрболат Мешітбаев, Бауыржан Көпжасаров және Азамат қажы Мырзақанов болса, өнер додасын «Қазақстан-Қостанай» телеарнасының шеф редакторы, жас ақын Нұрқанат Бұқабаев жүргізді.
Өнер бәйгесінің қорытындысы бойынша айтыстан 1 орынды Нұрсұлтан Қасым жеңіп алса, қалған орындарды Бақытжан Әлкебаев пен Әлім Мұхамеджанов бөлісті. Мүшәйрада 1 орын аймақтық «Арна» газетінің тілшісі, жас ақын Аслан Қанғожинге бұйырды. Кейінгі орындарға Марғұлан Сейтенов пен Ерлан Тұрмышев ие болды. Ұйымдастырушы жақ өнер көрсеткен басқа да ақындарға ынталандыру сыйлықтарын беріп, марапаттады.
Нұрболат Дәуітбай
Суретті түсірген автор.
Қостанай ауданы