Спорт – өмір көркі
Бүгін А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-нің алаңында республикалық кең ауқымды “Денсаулық фестивалі-2017” акциясы өтті. “Біздің денсаулығымыз өз қолымызда!” деген ұранмен өткен аталмыш шараны облыстық денсаулық сақтау басқармасы, Қостанай қалалық спорт және денешынықтыру бөлімі, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы мен облыстық ІІД-нің есірткі бизнесіне қарсы күрес басқармасы ұйымдастырды. Акцияның басты мақсаты – әр азаматтың өз денсаулығы үшін жауапкершілігін арттыру, жастарды салауатты өмір салтын ұстануға шақыру.
Фестивальдің ашылуында облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Е.Слободенюк, қалалық спорт және денешынықтыру бөлімінің басшысы Н.Ермағамбетов, облыстық ІІД Есірткіге қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Лев Квасенко, облыстық салауатты өмір салтын қалыптастыру проблемалары орталығы басшысының міндетін атқарушы Ә.Садуақасова сөз сөйлеп, жастарды мерекемен құттықтады. Және оларға адам өмірінің мәні денсаулық екендігін, ол үшін спортпен шұғылданып, салауатты өмір салтын ұстану керектігін айтып, сондықтан да бүгінгі “Денсаулық” фестивалінің халықты спортпен шұғылдануға үндейтін бірден-бір шара екендігін жеткізді.







-Біздің емхана жыл сайын “Денсаулық фестиваліне” белсенді түрде қатысып отырады. Жылдағы дәстүр бойынша биыл да жиналған көпшіліктің қан қысымын өлшеп, басқа да медициналық тексерістерден өткізіп, тегін дәрігерлік кеңестер беріп жатырмыз. Алдымыздан өткен екі жүзге жуық адамның дені жастар болды, қуанарлығы жастарымыздың денсаулығы мығым екен, – дейді Қостанай қалалық №1 емханасының скринингілік мейірбикесі Ботагөз Мұстафина.

“Денсаулық” фестивалінің соңы жастардың қатысуымен өткен 2,4 шақырым қашықтықтағы марафонмен аяқталды.
Қарлығаш ОСПАНОВА,
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.