Ән әуелеген күн

Ән Бас жүлде иегері Б.Тойшанды құттықтаудаСарыкөлде  "Қостанай әуендері" облыстық ән байқауы байрағын көтерді.
Шараға  облыстың 18 өңірі-нен келген жас әншілер қатысты. Аудан тұрғындарын  ән әлеміне жетелеп, бойларындағы өнердей базарлықтарын паш еткен жас әншілер өз табиғи таланттарымен таң қалдырды. Екі бөлімнен тұрған байқау барысында үміткерлердің сахнадағы өзін-өзі ұстау қабілеті, әртістік және орындау шеберлігін әділ қазылар алқасының құрамында болған Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияның солисті, Республикалық лауреат, Халықаралық байқаулардың, Қостанай облыстық меценаттар клубы сыйлығының лауреаты Гүлнар Үсенова, облыстық көркемөнерпаздар халық шығармашылығы орталығының директоры  Мұрат Сейілов, облыстық халық шығармашылығы орталығының вокалдық ұжымдар жөніндегі маманы Айнакөз Нұрсикеева және Сарыкөл аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Елена Бауэрлер бағалады. 
Алғашқы айналымда Қостанай, туған жер туралы патриоттық әндер әуеленсе, екінші кезеңде қатысушының өз талғамымен таңдалған әуендер шырқалды. Сезімтал, сыршыл, сұлулықты сүйетін сарыкөлдіктер өнерпаздарды қолпаштап мерейлерін өсіріп отырды.
 Терең сазды, назды, сырлы, иірімдері сүйкімді әуендерді әуелеткендер бәйгені өзара бөлісті. Тоқталып өтер болсақ, 3-орындарды Марат Өтегенов (Меңдіқара ауданы) пен Нұрахмет Махмұт (Қостанай ауданы) қанжығаларына байласа, екінші орындарды Руслан Махамбетов (Сарыкөл ауданы) пен Ксения Голомидова (Қарасу ауданы) еншілеп, 1-орынды талай таланттарды тудырған Аманкелді ауданынан келген Іңкәр Жаңбырбаева бағындырып, ал бас жүлдені Қамыстыдан қатысқан Бейбарыс Тойшан жеңіп алды. Ән сайысына қатысқандар  мадақтама қағаздарымен және ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Руслан ӘЛКЕЕВ.
Сарыкөл ауданы.
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓