Кінәлі полицей қамауға алынды
Леонид Беда мен Баймағамбетов көшесіндегі кісі өліміне себеп болған жол-көлік оқиғасына байланысты Қостанай облысының ІІД түсінік берді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат». Еске сала кетсек, оқиға 30 шілде күні таңертеңгі сағат 06:00 шамасында болған. Облыстық ІІД баспасөз қызметі «Лада Приора» мен «Лада Гранта» автокөліктері соқтығысып, салдарынан соңғы автокөліктегі 51 жастағы ер адамның көз жұмғанын хабарлаған болатын.
««Лада Приора» автокөлігінің рөлінде Қостанай қаласы ІІБ-ның 22 жастағы қызметкері отырған. Жол-көлік оқиғасы барысында ол қызмет бабынан тыс болған», – деп хабарлайды Қостанай облысының ІІД баспасөз қызметі.
Жол-көлік оқиғасы бойынша ҚР ҚК 345-бабы 3-бөлігіне сәйкес (жол ережесінің бұзылуы салдарынан абайсызда кісі өліміне әкеп соғу) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес, бұл іс аса ауыр емес құқықбұзушылыққа жатады. Оның тұрақты мекенжайы бар, бұрын сотты болмаған, кім екені белгілі және оқиға орнынан із суытып кеткен жоқ. Медициналық тексеру кезінде оның сау болғаны анықталды», – деп хабарлайды ведомстводан.
Мұндай жағдайда кінәлілер тұтқындалмайды. Оған басқа шаралар қолданылады.
«Алайда жол-көлік оқиғасының құқықты қорғау және заң талаптарын сақтауды талап ету міндеттелген құқық қорғау органы қызметкерінің қатысуымен орын алғанын ескерілді. Қазіргі уақытта «Лада Приора» автокөлігінің иесі уақытша ұстау оқшаулағышына қамалды», – делінген хабарламада.