Өңір басшысының Қамысты ауданына сапары
Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов кезекті жұмыс сапарымен Қамысты ауданына барды. Ол мұндағы тас жолдың жөндеу жұмыстарын бақылап, сондай-ақ жергілікті активке ауданның жаңа басшысын таныстырды. Қамысты ауданы әкімінің қызметіне бұрынғы «Нұр Отан» партиясы Қостанай облыстық филиалының төрағасы Ғазиз Бекмұхамедов тағайындалды. Ғазиз Ерболатұлы – осы ауданның тумасы. Бұған дейін облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары, Арқалық қаласының әкімі және партия төрағасы қызметінде болған өте білікті маман. Қамыстының төл баласы туған жердің қарыштап дамуына үлес қосады деп сенеді ауылдастары. Бұл мәжілісте сөз алған ауданның құрметті азаматтары осындай пікір айтты.
Төрт жыл тынымсыз еңбек еткен бұрынғы әкім Жаңабай Бисенбаевқа да ыстық ықыласын жеткізіп, жылы шығарып салды. Жаңабай Жолтайұлы енді «Нұр Отан» партиясының облыстағы филиланың бірінші орынбасары болмақ.
Жаңа әкімнің алдында қыруар міндет тұр. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов солардың бірсыпрасын тізбектей өтті.
Бұдан соң атқамінерлер аудандық аурухананың жай-күйімен танысты. 1989 жылы бой көтерген ғимараттың тозығы жеткен. Күрделі жөндеу жұмыстары қажет-ақ, алайда қазір тек шатыры қалыпқа келтірілуде. Бұл жұмыстарға 68 млн теңге бөлінген. Келісім-шартқа сәйкес 1-қазанға дейін аяқталуға тиіс.Ауруханада дәрігер тапшылығы анық байқалады. Бас дәрігер Данияр Жандаевтың айтуынша, хирург, анестезиолог, окушер-гениколог мамандар мүлдем жоқ. Данияр Серікұлы медицина университтерінің түлектерін шақыру үшін жуық арада өзге қалаларға ат басын бұрмақ. Былтыр да Қарағандыдан екі жас дәрігер келген болатын. Қазір екеуінің де жемісті жұмыс істеп жатқан жайы бар.
-Жастарға жәрдемақы мен үй беру керек. Осы мәселені аудан билігімен талқылап, қолға алыңдар,-деді облыс әкімі.Өңір басшысы Қарабұтақ-Комсомол-Денисов-Рудный-Қостанай тас жолымен және Тобыл өзенінің үстінен өтетін көпірдің құрылысын бақылады. Биыл «Қарабұтақ-Қостанай» автожолы мен Денисов ауылының маңындағы көпірдің жөндеу жұмыстарына 1,8 млрд теңге бөлінген болатын. Жобаның жалпы құны 5,9 млрд теңге, оның ішінде ұзындығы 231 метр болатын айналмалы көпір 656 млн теңге. Қазіргі таңда 1,1 млрд теңгесі еңсерілген, яғни жылдық жоспардың 61 пайызы орындалды.Жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Құрылыс алаңында 135 техника, 252 адам жұмыс істейді. Архимед Бегежанұлы екі аптадан соң тағы келетінін айтты.
-Бұл жолдың республикалық маңызы бар. Санаулы күндерден соң орақ маусымы, әрлі-берлі тасымалдау басталады. Сондықтан жұмысты әлі де жылдамдата түсіңіздер,-деді облыс әкімі.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор.