СЫЙЫНА СЫЙЫМ ДАЙЫН
Бірінші шілдеден бастап елімізде мемлекеттің, жұмыс берушілердің және азаматтардың ортақ жауапкершілігіне негізделген міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың қолданысқа енгізілгені белгілі. 2018 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан азаматтары және сақтандырылған тұлғалар үшін міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) шеңберінде медициналық қызметтер қолжетімді болмақ. Жаңа талаптарға сай, азаматтарға медициналық қызметтердің екі түрлі пакеті ұсынылады.
Бірінші – профилактикалық егулер, жедел жәрдем, санитарлық авиация, шұғыл медициналық көмек, әлеуметтік мәні бар ауруларға стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, сондай-ақ айналасындағыларға қауіп төндіретін ауруларға көрсетілетін базалық пакет. Ол Қазақстан Республикасының барлық азаматтары үшін қолжетімді болмақ.
Сонымен қатар, 2020 жылға дейін, яғни жалпыға бірдей декларациялауды енгізгенге дейін МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқығы жоқ адамдарға дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілетін амбулаториялық-емханалық көмек көрсетілетін болады.
Екінші – бұл Қорға міндетті сақтандыру жарналары мен аударымдар есебінен қаржыландырылатын медициналық көмекті қамтитын МӘМС пакеті. Оны МӘМС қатысушылары болып табылатын тұлғалар алады. Бұл қызметтер амбулаториялық дәрілік қамтамасыз етілетін амбулаториялық-емханалық көмек, стационарлық және стационарды алмастыратын медициналық көмек, қалпына келтіріп емдеу, медициналық оңалту, жоғары технологиялық көмек көрсету, паллиативті көмек және мейірбике күтімі.
Міндетті әлеуметтік сақтандыру шарттарына сай, жұмыс беруші ай сайын жұмыскер жалақысының 1 пайызын арнайы қорға аударуға міндеттеледі (бірақ жарна көлемі 3668,9 мың теңгеден аспауы тиіс – бұл жарна есептелетін жалақының жоғарғы мөлшері 15 төменгі айлық жалақының 1 пайызы). Жеке кәсіпкерлер мен оларға теңестірілген тұлғалар (жеке меншік адвокаттар мен нотариустар, кәсіби медиаторлар) 2017 жылы 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызы мөлшерінде немесе 2445,9 меңге көлемінде жарна төлемек. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер қарамағындағы жұмыскерлер үшін жұмыс беруші ретінде де жарна аударады.
Заңға енгізілген өзгерістер бірінші кезекте бизнеске түсетін салмақты азайтуға бағытталған. Бұл түзетулер елдегі экономикалық ахуалмен тығыз байланысты. Оны мемлекеттік органдармен, сондай-ақ, «Атамекен» ҰКП-мен бірлесіп атқарған жұмыс нәтижесі деуге болады. Атап айтар болсақ, жұмыс берушілерге арналған жарнаның ең жоғарғы мөлшері 5 пайыздан 3 пайызға, жеке кәсіпкерлер үшін 7 пайыздан 5 пайызға дейін төмендетілді. Сонымен қатар, жеке кәсіпкерлер үшін жарна есептеу объектісі де қысқартылды: егер бұрын жеке кәсіпкер табысының 7 пайызын Қорға аударуы тиіс болса, соңғы өзгерістер бойынша 2 төменгі айлық жалақының 5 пайызын ғана төлейтін болды.
Ал, мемлекет төлейтін жарна көлемі өзгерген жоқ. Осы жерде мемлекеттің әлеуметтік жағынан аз қамтылған 14 санаттағы 10 млн азамат үшін жарна төлейтінін айта кету керек. Яғни, мемлекет Қазақстан халқының жартысынан астамын сақтандырумен қамтамасыз етпек.
Жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік бағдарламаның ұзын ырғағы осындай. Қазақ елі енді қолға алып жатқан жобаның дамыған елдердің басым бөлігінде баяғыда-ақ іске асырылып, кем-кетік тұстары түзетіліп қойғанын айта кеткен жөн. Жобаны қолға алып жатқандардың уәжіне құлақ асар болсақ, медициналық сақтандыру адамзаттың өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауына ықпал етеді. Сондай-ақ, медицина саласының дербес дамуына септігін тигізеді. Осы бағытта қордаланған мәселелердің басым бөлігін шешуге мүмкіндік бермек.
Денсаулық сақтау саласын қанша жерден түрлендіргенімізбен, әзірге шешілмей тұрған бір мәселе бар. Ол – ағза донорлығы. Өкінішке қарай, қазіргі медицинаның күшімен тірі ағзаға зәру жандардың барлығына да көмек бере алмайсыз. Әзірге, адамға қажетті дене мүшесін адамнан ғана алу мүмкін болып отыр. Дамыған елдердің адам ағзасын үй жануарларының денесінде өсіріп шығару жобасы да нәтижесіз. Талпақтанаудың ішкі құрылымының адам ағзасына ұқсастығын байқаған кейбір ғалымдар үй жануарының дене мүшелерін модификациялауға көшкенімен, оның да оңды нәтиже беріп жатқаны шамалы.
Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы дерегіне жүгінер болсақ, қазақстандықтардың 3,5 мыңы донорға зәру көрінеді. Оның 2700-не бүйрек қажет болса, 500-ге жуығына бауыр, 150 адамға жүрек, 4 адамға өкпе қажет көрінеді. Елімізде соңғы бес жыл көлемінде 1 057 трансплантация жасалған. 2013 жылы 164 науқастың дене мүшесі ауыстырылса, 2016 жылы осы бағытта 306 ота жасалыпты. Биылғы жылдың көрсеткіші де көңіл көншітпейді. Осыған байланысты, еліміздің денсаулық сақтау министрлігі қазақстандықтарды донорлықты дамытуға шақыруда. Министрлік сұрады екен деп, қайссымыз қос бүйрегіміздің бірін немесе жүрек, бауырымызды суырып бере аламыз?! Туған бауырына қажет болса да, екінің-бірі мұндай тәуекелге бара бермесі ащы да болса шындық! Тіпті, марқұм болған туысымыздың әлі суымаған ағзасын алдыртуға қимаймыз…
Адам ағзасы тек бізде ғана емес, жұмыр жерді мекен еткен мемлекеттердің барлығында да тапшы. Осы орайда, шетелдік ғалымдар тығырықтан шығар бірнеше жолды ұсынып отыр. Мәселен, АҚШ-тағы «George Mason» университетінің профессоры Ллойд Коэн «фьючерлік» қызмет арқылы донор мәселесін шешуді ұсынады. Ғалым ұсынған жобаға сай, донор болуға лайықты, ең бастысы дайын адаммен Үкімет арнайы келісім-шартқа отырады. Осы шарт негізінде оған үкімет тарапынан барлық жағдай жасалады. Яғни, ай сайынғы азығы мен денсаулығының күтіміне қаржы бөлініп, белгілі донордың жағдайын арнайы мамандар жіті бақылап отырады. Донор болуы тиіс адам ішімдік ішіп, есірткіге әуестеніп, я болмаса басқа да зиянды әрекеттермен денсаулығына зақым келтіретін болса, оның зиянды әрекеттері Үкімет мүлігіне жасалған қастандық есебінде тіркеліп, денсаулығы мен басқа да мұқтаждығына жұмсалған қаржы екі немесе үш есе көлемде қайтарылып алынады. Жоғарыда аталған шартқа сай, донор марқұм болған жағдайда оның ағзалары үкіметтің меншігіне алынып, туыс-туған, өзге де жақындарының рұқсатынсыз-ақ мұқтаж жандарға таратылады.
Ал осы елдегі «Yale» университетінің ғалымы Генри Хэнсмэн бұл мәселені міндетті әлеуметтік сақтандыру арқылы шешуді ұсынады. Ғалым ұсынысына құлақ түрер болсақ, 18 бен 35 жас аралығындағы тұрғындар (өтініш білдірген жағдайда) міндетті медициналық сақтандырудан босатылады. Олар жыл сайын міндетті медициналық тексерістен өткізіліп, қажет жағдайда дәрігерлердің көмегіне тегін жүгіне алады. Осы жас аралығындағы адамдар ешбір келісімсіз, автоматты түрде донорлар қатарына қосылады. Жазатайым оқиғаның салдарынан немесе өзге де себептермен көз жұмған тегін медициналық қамқорлыққа алынған адамның дене мүшелері ешбір жанның рұқсатынсыз-ақ кәдеге жаратыла береді. Генри Хэнсмэннің пікірінше, мұндай жоба – кез-келген мемлекеттегі ағза доноры мәселесін түбегейлі шешпек. Ал әскерге жарамды 18-35 жас аралығындағы азаматтардың тегін әрі жүйелі тексеріліп отыруы – Отан қорғаушылардың қаншалықты сенімді әрі қауқарлы екенін мемлекеттің бақылап отыруына тиімді екенін айтады.
Егер, біздің елімізге де осындай жүйе енгізілетін болса, ағза доноры мәселесінің бірден шешілетініне кәміл сенімдімін. Егер мені мемлекет тұтастай өз қамқорлығына алатын болса, өзімнен кейінгіге неге өмір сыйламасқа?! Меніңше, ойланатын дүние.
Жұматай Кәкімжанов
(Суреттер ғаламтор желісінен алынды)