Керемет әсермен оралды
Сапар мақсаты – ERG академиясында командалық рухты көтеріп, корпоративтік мәдениетті дамытуға арналған оқыту семинарына қатысу. Халықаралық «ЭКСПО – 2017» көрмесін аралап, болашақтың энергиясына қатысты еліміз бен шетелдің озық технологияларын тамашалау болатын.
– Еуразиялық Топта өтіп жатқан «Командалық жаз» бірегей жобасына өндірісте белгілі бір жетістіктерге жеткен 6500 қызметкер қатыспақ. Кен алыбынан бұл мүмкіндікке 2000 жұмыскер ие болып отыр. Олар үшін арнайы пойыз бен ЭКСПО қалашығынан үйлер жалға алынған. Сондықтан жұмыскерлеріміз сапарын қызықты өткізіп, қаламызға тамаша әсермен оралатындығына сенімдіміз, – дейді бірлестіктің әлеуметтік сұрақтар мен корпоративтік мәдениет бөлімінің басшысы Александр Макаренко.
Алғашқы күні кәсіпорынның 500 қызметкері бір мезгілде халықаралық мамандандырылған «ЭКСПО – 2017» көрмесінің қызығына қанықты. Екінші күні ұжым Астанадағы әріптестері дайындаған «Қазіргі жағдайда кәсіпорындарды орнықты дамыту жүйесі» тақыбырындағы оқыту семинарына қатысты. Онда танымал бизнес-тренерлер Надежда Зубова және Ильдар Валиуллиндермен бірге Топ кәсіпорындары жұмысының соңғы жылдардағы нәтижелерін түйіндеді. Шикізат нарығында туындаған қатерлер мен түйткілдерді талқылап, келешектегі дамыту бағыттарын сөз етті. Оқыту интертактивті формада жүргізіліп, әрбір қатысушы Еуразиялық Топтың келешегін айқындауға қатыса алды.
– Ауқымды шараның ұйымдастырылу жағы қатты ұнады. Бізді Астаналық әріптестеріміз таңғы 5-те пойыздан күтіп алып, қалашыққа алып келді. Онда таңғы ас ішіп, сәл тынығып алған соң көрмеге аттандық. Алдымен ел ауызында жүрген қазақстандық «Нұр әлем» павильонын тамашаладық. Диаметрі 80, биіктігі 100 метр құрайтын әлемдегі ең үлкен сфералық ғимарат 8 қабаттан тұрады және олардың әрқайсысында баламалы энергияның алу жолдары көрсетілген екен. Таиланд елінің көрмесінде өсімдіктер мен жануарлардың қалдықтарынан қалайша қуат көзін алуға болатындығын өз көзімізбен көрдік. Африка елдерінің павильонынан отбасыма естелік сыйлықтар алдым. Академияда ұйымдастырылған корпоративтік оқыту бағдарламасында болса әріптестеріммен бірге компанияны дамытудың жолдарын қарастырып, пікір алмастырдық. Алған әсерімді сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Осындай шараға қатысқаныма қуаныштымын және басшылыққа айтар алғысым шексіз, – дейді Шекемтас өндіру фабрикасының экскаватор машинисі Бақытжан Қосжанов.
Айта кетейік, бұл күндері компанияның тағы да 500 өндіріс үздігі Астанаға аттануға әзір. Ендеше олардың сапарына сәттілік тілейміз.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ,
Рудный қаласы