Тілсіз жауды ауыздықтады
"Өрт тілсіз жау". Сақтық шаралары жасалмаса кез келген уақытта опындырып кетуі мүмкін.Арқалықтағы Абай көшесі №96 үйдің №53 пәтерінен (5 – ші қабат) шыққан қою қара түтін қатар тұрған көпқабатты үйлердің барша тұрғындарын дүрліктіріп тастады.
Абырой болғанда қалалық өртке қарсы қызметінің жедел іс – қимылдарының арқасында тілсіз жау дер кезінде ауыздықталды. Оқиға орнында 2 өрт сөндіру машинасы мен жарақтанған жедел жасақ жұмыс істеді.
Белгілі болғанындай өрт шыққан пәтерді жалдап тұрып жатқандар апатты жағдайға жол бере жаздаған. Анығын айтқанда отағасы асты газға қойып, өзі "арсыз ұйқының" жетегінде кетіпті.
Сөйтіп, бір адамның ұқыпсыздығынан бүкіл көршілері зардап шеге жаздады. Қалалық өртке қарсы қызметі өрттен қашанда абай болу керектігін ескертеді.
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы