Астана – жаңа мүмкіндіктер ордасы

интернет платформа 2015

Аманкелді Шөрентаев,
Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің докторанты
Астана қаласы.

 

Жыл сайын, тіпті, күн сайын еліміздің басты қаласы Астанаға аймақтардан көптеген халық келіп жатады. Олардың арасында уақытша немесе тұрақты мекендеуге көшіп келген қостанайлықтар да аз емес. Келушілердің негізі білім алу мен табыс табу мақсатында келетіні белгілі.

Астана – жастар қаласы. Мұнда көптеген жастар оқуға, білімдерін жетілдіруге келеді. Мен де ғылыми-зерттеу жұмысымды тереңдету мақсатында 2015 жылы еліміздің бірден бір жоғары оқу орны Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіне докторантураға түстім. 5 жыл студент болып білім алған, 14 жыл оқытушы болып қызмет атқарған А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-мен үш жылға қоштасып, Елордаға аттандым. Бұрын жұмыс барысымен көптеген шараларға келіп-кетіп жүретінмін. Тіпті, тұрақты тұрғыны болатыным ойда да болмаған еді. Әрине, Астана тұрғыны атану көбісінің арманы шығар. Бірақ, басында бірнеше қиындықтары болатыны айдан анық. Ең басты мәселе – баспана. Өз шаңырағың болмағандықтан пәтер жалдау кез келгеннің қалтасына салмақ түсіретіні жасырын емес. Уақыт өте Астана өміріне бейімделіп, үйрене бастайсың. Кейде болашағымды Елордамен байланыстырсам ба деген ой да болып тұрады.
Жақында қоғамдық көлікте қостанайлық Ринат деген досымды кездестірдім. Студенттік кезден көріп тұрғаным. Ол Астанаға 2010 жылы келіп, құрылысшы болып жұмысқа орналасқан екен.
«Қостанайда жұмыс болмай бір жылдай үйде отырып қалдым. Сосын тәуекел деп 2010 жылы Елордаға аттандым. Сол кезден бастап, құрылысшы болып жұмыс істеп келемін. Құдайға шүкір, табыс жаман емес», – деп ойымен бөліскен болатын.
Иә, 1997 жылы Ақмола Қазақстан Республикасының астанасы болып жарияланғаннан бастап, қалада құрылыс қарқындай түсті. Дәл осы кезде көптеген халық құрылыс жұмыстарына ағыла бастады. Елорданың құрылысы ешқашан бәсеңдеген емес. Әсіресе, соңғы жылдары «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің құрылысы басты назарда болды. Аз уақыттың ішінде қала танымастай өзгерді. Сонымен қатар қала халқының саны көбейген сайын қызмет көрсету де арта береді. Сондықтан әлеуметтік нысандардың, тұрғын үйлердің құрылысы әлі күнге дейін жалғасуда.
Астанада өткен жастар форумында Елбасы: «Жас ұрпаққа, өткеніміз бен келешегімізге қамқорлықпен қарау әрқашан менің саясатымның басты мән-маңызы болып келеді. Әрбір жас қазақстандықтың білім алуына, жұмыс істеуіне, отбасын құруына, баспана алуына мүмкіндігі бар», – деген болатын.
Қазіргі таңда Астана – бүкіл қазақстандықтардың мақтанышына айналды. Қала тұрғындары арасында «Астана – білім, мансап және табыс қаласы» деген пікір де қалыптасқан. Сондықтан Астана, әсіресе, жастар үшін жаңа мүмкіндіктер ордасы болып қала беретініне сенімім мол.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓