Егін еселене түспек
Қостанай қамбасының тең жартысын Қарабалық ауданының бидайы толтырып келеді. Солтүстіктегі іргелі аудан бұл жолынан биыл да жаңылмақ емес. Қазірдің өзінде барлық бидай, майлы дақылдар себілген. Диқандар ендігі күзгі ораққа әзірлікті бастап кетті.Жуырда облыс әкімі Архимед Мұхамбетов теріскей ауданға іссапармен барып, бірқатар жұмысты пысықтап қайтты. Мұнда орақ маусымына қызу дайындық жүріп жатыр. Диқан әзір, техника сай, қойма жайлы.
Өңір басшысы «Урнекское ЛА» серіктестігінің бидайды өңдеу және сақтау кешеніне бас сұқты. Бұл қамба 30 000 тонна өнім қабылдай алады. 40-қа жуық адам еңбек етеді. Сондай-ақ, өз өнімін алыс-жақын шет елдерге де экспорттайды. Биылғы маусымға 1 233 719 мың теңге көлемінде инвестиция тартылған.Былтыр облыс 5 млн тонна бидай алса, биыл да сол көрсеткішті қайталауға ниетті. Архимед Мұхамбетов «Ақ-Бидай-Агро» ЖШС-нің егін алқабында аудандағы ауылшаруашылық кәсіпкерлерімен кездесіп, түйіткілді мәселелерді талқылады. Бұл уақытта канадалық мамандар Қарабалыққа тәжірибе алмасуға келген екен. Олар да өз пікірлерін ортаға салып, Қостанай жерінің құнарлылығын атап өтті.
«Ақ-Бидай-Агро» – өңірдегі көшбасшы қожалықтардың бірі. Бүгіндері 230 адамды жұмыспен қамтып отыр. Техникалық базасы да өте жоғары деңгейде жасақталған. Мұнда 87 трактор, 30 комбайн, 24 жүк көлігі бар. Маусым айының аяғына сәйкес көктемгі егіс көлемі 18 893 га болды. Оның ішінде астық және дәнді дақылдар көлемі – 6 649 га. Бидай – 4 352 га, арпа – 90 га, бұршақ – 780 га, сұлы 193 га, қарақұмық – 1234 га, жемшөп – 4652 га.
Кәсіпкерлермен кездесуде облыс әкімі өсімдік шаруашылығы құрылымын әртараптандырып және жақсартылған тұқым мен тыңайтқыштар базасын толықтыру керек екенін айтты.-Фермелер егіншілікке деген көзқарастарын өзгерту керек. Бидай – біздің басты өнім. Бірақ бүгіндері оның құны төмендеді, керісінше қазір майлы дақылдар қымбаттай түсті. Сондықтан егіншілікті түрлендіріп, жаңа жоспар жасаймыз. Ол үшін арнайы қаражат пен субсидия бөлінеді,-деді облыс әкімі Архимед Мұхамбетов.
Архимед Бегежанұлы алдағы уақытта Меңдіқара ауданындағы «Қарқын» шаруашылығында облыс аграрларының қатысуымен семинар өтендігін хабарлады. Жиында майлы дақылдарды молынан жиып алып отырған кәсіпкерлер сөз сөйлеп, өз тәжірибесімен бөліспек.
Қарабалықтағы ілкімді істер легі жетерлік. Мәселен, шекарада жатқан Новотройцк ауылына апарар жолға жөндеу жұмыстары жасалып жатыр. Бұл үшін облыстық бюджеттен 427 млн теңге бөлінген. Жөндеу жұмыстары қыркүйек айында аяқталмақ.Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы арқылы аудан орталығындағы көпқабатты үйлерді ауызсуға қосу жұмыстары басталды. Бұған бас-аяғы 448 млн теңге берілген, әзірше қаржының тек жартысы ғана игеріліп отыр. Тапсыру мерзімі қазан айына келіп тұр.
Сонымен қатар осы бағдарлама аясында Қарабалық селосындағы үйлерді жаппай табиғи отынға қосу жұмыстары да жүзеге асып жатыр. «ҚазТрнасГазАймақ» АҚ меморондумға сәйкес мұндағы жұмыстарына кіріскен. Олар ауыл шетіндегі және жаңа бой көтерген үйлерге газ жеткізіп жатыр.
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор.