Күдікті Алматыдағы психиатриялық емханаға тексеруден өтуге жіберілді
Облыстық прокуратураның ықпалымен жыл басынан бері әлеуметтік-экономикалық саланы қадағалау бойынша ел қазынасына 1 млрд. теңгеден астам қаражат өндіріліп алынды. Сонымен қатар мақсатсыз пайдаланылған 80 мың га. жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылды. Бұл туралы аймақтық прокуратурада өткен баспасөз мәслихатында облыс прокурорының орынбасары Данияр Сыздықов есеп берді.
– Прокурорлық қадағалау актілері бойынша салық, әкімшілік айыппұлдар өндірілді. Еңбекақысын ала алмай жүрген 4 мың жұмыскердің 263 млн. теңгеге жуық берешегі берілді.
Жалпы облыста криминогендік ахуал өткен жылдың жарты жылдағы қорытындысымен салыстырғанда 10,9% төмен. Алайда меншік ұрлығы азаяр емес. Ұрлықтың алдын алуға байланысты ведомствоаралық жоспар жасалып, жүзеге асқан.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында жеті жасар Виктория Ганяны өлтірді деген күдіктіге байланысты жаңа деректер белгілі болды. Қазіргі уақытта он тоғыз жасар күдікті Алматыдағы психиатриялық емханаға тексеруден өтуге жіберілген. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Болат Челикенов рудныйлық азаматтың жеті жасар қыздың өліміне тек күдікті ретінде ұсталып отыр дейді. Ол сот санкциясымен қамауға алынып, он күннің ішінде оған айыптау үкімі шығарылуы тиіс еді. Алайда, Б.Челикеновтың айтуы бойынша, оған психиатриялық сараптама жүргізілуіне байланысты бұл мерзім өздігінен тоқтатылған.
Бұған дейін күдіктінің өз кінәсін мойындағанын, оны бірнеше куәгердің танығаны жөнінде хабарланды. Дегенмен, облыс прокуроры Марат Қайбжанов оның кінәлі екенін дәлелдеу жеткіліксіз, істі нақтылау үшін бірқатар сараптамалар жүргізілетінін айтты.
Шұға Қоңқабай