Үш ғасырлық күміс кілт
Қарабалық ауданындағы Станционный ауылының тұрғыны үйінің маңынан ерекше жәдігер тауып алды. Жер астынан шыққан күміс кілт көптің қызығушылығын тудырып, сатылып үлгерді. Бұл туралы жергілікті "Айна" газеті жазған."Мен бақшама түскен бұқаны қуғылап жүргенмін, – дейді Александр Панчошка, – ол тұяғымен топырақты тарпып өткенде әлдеқандай металдың ұшы көрінді. Металл кілт екен. Ұзындығы – 20 сантиметрдей. Уақыт "мүжіген" ол жасыл түсті болды. Бірақ ондағы "Петропавл бекінісі – 1703" деген жазу және бекініс суреті анық еді. Шамалап сүртіп жіберіп едім, әппақ күміс болып шыға келді".
Александр бұл олжасын қызығушыларға сатып үлгеріпті, бірақ қаншаға өткізгенін айтудан бас тартты. Бар айтқаны, ол бірден интернетке кіріп, көне кілттер туралы көп ақпарат тауып алған.
Тұрғынмен сұхбат жүргізгенімен, сыр суыртпақтай алмаған "Айна" тілшісі де кейін ғаламторға жүгініп, оқыған-білгенін оқырманмен бөлісіпті.
"Қала кілті" әрқашанда билеушінің билік символы саналып келген. Сонау ортағасырлық қалалардың қорғаныс қақпасын түнемелік осындай кілтпен жабатын болған. Кейінірек әміршінің билік басы екенінің нышаны саналыпты, – делінеді тілші мақаласында. – Алып қорғандар тарихтың қойнауында қала бергенімен, "қала кілті" түсінігі әлі бар. Бұл Петропавл қамалының кәдесый кілті зауыттарда аздаған данамен мерейлі даталар мен мерекелерге орай соғылған".
Жалпы, Станционный ауылының тұрғындары төл топырақтан көне бұйымдарға ылғи тап болып жүр. Бірде монеталар, бірде Демидов дәуіріне тиесілі темірлер, мүлік сынықтары шығып, бабалар туралы естеліктер беріп тұрады. Бұған таңданып та қажет емес, өйткені бағзыда бұл төңіректі Ұлы Жібек жолы басып өткен-міс.
Ғаламтордың айтуынша, 1703 жылғы символикалық Петропавл кілтінің құны 100-ден 1,5 млн ресей рубліне дейін жетеді екен.