Ақ халатты алаяқ
Қостанайда жас қыз өзін медбике ретінде таныстырып зейнеткерлердің сеніміне кіріп, пәтерлерінен ақша ұрлап кетіп отырған, – деп хабарлайды Alau.kz. Кінәсін толық мойындаған күдіктінің өзі аңғал адамдардың үйлеріне ойланбай кіргізетінін айтқан. Медбикенің қандай да бір қылмысқа баруы мүмкін деген шүбә жапа шегушілердің ешқайсысында болмаған. Сан соққандардың бірі тіпті оны шай ішуге шақырған.
Ақ халатты алаяқ жалпы сомасы 100 мың теңге ұрлап алған, алайда тергеу кезінде қалтасынан 2 мың теңге ғана тәркіленді. Бәрін жұмсап жіберген. Қазіргі кезде іс сотқа жолданды.
Қостанай қаласының прокуратурасы қала тұрғындары мен қонақтарын мұндай жағдайларда абай болып, қажетті құжаттарының барын тексеріп, келген адамның расында да дәрігер екенін медициналық мекемелерге қоңырау шалып, біліп отыруға шақырады.