Бүгінгінің батыры
Мемлекеттік рәміздер күні қарсаңында, "Тәуелсіздіктің 25 жылы" саябағының ашылуы кезінде облыс әкімі Архимед Мұхамбетов өңірдің өркендеуіне үлес қосып, өз саласының озаты атанған 25 азаматты марапаттаған еді. Үлгілі үздіктер қатарынан Таран ауданы ІІБ жергілікті полиция қызметінің учаскелік инспекторы, полиция капитаны Ерлан Таңжарықов та көрінді.
Ерлан Әзірханұлының есімі қоғамдағы тәртіпсіздікті тезге салып, антына адалдық танытқаны үшін еленді. Тәртіп сақшысы 2016 жылы 29 ақпанда қарулы қылмыскерге тойтарыс беріп, ауыр қылмыстың алдын алған еді. Өз басын қатерге байлай отырып, қаскүнемнің қолынан суық қаруды тартып алды. Оның сауатты және дер шағында қабылдаған әрекетінің арқасында, Головко отбасының мүшелері аман қалды. Ержүрек капитан қауіптен арашаланған отбасының ғана емес, тұтас облыстың атынан алғысқа бөленіп отыр.