Өрендердің өнер-тартуы
Б.Хамзин атындағы өнер мектебінің дарынды оқушылары республикалық байқауларға қатысып, ауданымыздың абыройын асқақтатып, үлкен сахналарда өнер көресетіп келеді. Бұл, әрине, осы мектептегі ұстаздар қауымының тынымсыз еңбектерімен, үздіксіз ізденістерінің нәтижесі. Сонымен қатар жас өрендердің өнерге деген құлшыныстары өте жоғары. Өнердің әр саласын жан–жақты қамтыған мұғалімдер өз білгендерін оқушылардың санасына сіңіре отырып, тоқыма тоқу, шағын сахналық қойылымдар барысында актерлік шеберліктерін шыңдаумен қоса бейнелеу өнеріне бейімдеп үнемі үйретіп отырады. Жақында ғана аудандық мәдениет үйінде өткен “Тәуелсіз ел тірегі – білімді де, өнерлі ұрпақ” атты шығармашылық кеште өнер мектебінің оқушылары өздерін өнердің әр қырынан таныта білді.
Сахна шымылдығын “Домбыра туралы баллада” әнімен алғашқы болып ашқан респуликалық “Рауан” фестивалі байқауының жүлдегері Алтынай Жаңабай мәдениет үйіне лық толған өнер жанашырларының қошаметіне бөленді. Аталмыш мектептің кітапхана оқырмандарынан құралған “Сиқырлы театр” өткен жолы облыстық драмалық ұжымдар мен қуыршақ театрлары арасындағы “Армандастар” фестивалінде жүлделі үшінші орынды иеленіп келді. Ал 2013 жылы бас жүлдені олжалаған болатын. Осы кеште театрдың жас актерлары “Күлше қыз” ертегісін сахналады. Сондай-ақ, бейнелеу өнері бөлімінің оқушылары “Бауырсақ” ертегісіндегі кейіпкерлердің рөлдерін жоғары деңгейде сомдап, болашақтарынан зор үміт күтіретін шыңдалған шебер актер бола алатындықтарын дәлелдеді. Ән-күйге толы кештің шырайын аша түскен жас әншілер Жансая Қойшан мен Жансая Мұрат патриоттық және халық әндерін нақышына келтіріп шырқады.
Бейнелеу өнерінің мұғалімі Гүлмира Бақытқызының шәкірттері – Аружан мен Дариға ерекше жанрда өнер көрсетіп, көрермендерді таңқалдырды. Айтпақшы, мәдениет үйінің кіре беріс залында оқушылардың қолдан жасаған бұйымдарының көрмесі көпшіліктің назарына ұсынылды. Сонымен бірге арнайы бейнелеу өнері бөлімінің оқушылары мен мұғалімдерінің жасаған киім үлгілері де көңілден шықты. Шығармашылық кеш соңы “Жаңа ғасыр – Қазақстан” әнімен аяқталды.
Мектеп ұжымы кештің өтуіне атсалысып, қолдау көрсеткен Н.Ахметбеков атындағы мәдениет ұжымына және осы мекеменің суретшісі Дархан Хайруллинге алғыстарын білдірді.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы