Күн райы бұзылады
Көрші ел астанасының он алты тұрғынының өмірін жалмаған жойқын жел Тобыл өңіріне төніп келеді. Бұл жөнінде Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті хабар таратуда. Ақпаратқа жүгінер болсақ, (30.05) түнде жаңбыр жауып, желдің жылдамдығы артады. Суыт хабарды «Қазгидромет» орталығы да растап отыр. Синоптиктердің болжамынша, 31 мамырда желдің жылдамдығы 15-20 м/с дейін күшейеді. Жаңбыр жауады. «Мәскеуде болған жойқын жаңбырлы жел Қостанай обылсына жақындады. Ол жақтағы метеожағдайға қарағанда біздегі жағдай қалыпша. Сәйкесінше, желдің қуаты Ресейдегідей қатты болмауы тиіс» – дейді, орталық маманы Зоя Шибаршина. Дей тұрғанмен, сақтық шараларын естен шығармағанымыз абзал.
Мысалы, астаналық төтенше жағдайлар қызметі елордалықтарға қатты жаңбырлы жел соққан жағдайда ғимараттарды сағалауға кеңес береді. Жарнама билбордтары мен аялдамалардан, ағаштардан, электр бағаналарынан аулақ болған жөн. Үйде отырғандарға есік, терезелерді қымтап, ашық балкондағы жатқан ұшып кетуі ықтимал заттарды ішке енгізу керектігін ескертеді.