Бір суреттің тарихы

Сурет – тарих. Өткен күннен бір белгі. Сөйлете білсек, әр суреттің астарында шежіре бар. Бүгінгідей секунд сайын обьективке түсіп жатқан заманның өзінде сурет мән-мағынасын жоймақ емес. Оның құндылығы ерекше болмақ.
Бұл жолғы бір суреттің тарихы да ерекше. Бар болғаны бір-ақ сурет бір адамның өткенінен сыр беріп, тұтастай өмір жолын ашты. Бұл кезінде газетіміздің тілшісі болған Төлебай Бижановтың суреті болатын. Ол кісі туралы көп жазылды, баласы бүгінде сексеннен асқан ақсақал Шәмел Төлебай әкесін айтудан жалыққан емес. Бірақ әкеге деген сағыныш басылар емес. “Қостанай таңының” 95 жылдығы қарсаңында бастауында тұрған азаматтар жайында тағы бір мәрте айта кеткіміз келеді.майлин и ...
Мақала бір суреттен басталды. Ол да тегін емес. Әулиекөл ауданында туып өскен Шәмел Төлебай әкесін көрген емес. Немере сүйіп, ата болғанша әкесінің кім болғанын да білген емес. Әкесін іздеуге бір ғана суреті бастамашы болды.
–Әкем өмірден өткенде мен 3 жасқа толар-толмас жаста қалған екенмін. Өзім жалғыз баламын. Әкемнің кім екенін білген емеспін. Анам да, әжем де жарытып ештеңе айтпады. Тек әкемнің ағасы бар еді. Сол кісі әкемнен қалған жалғыз суретті көрсетіп “мынау сенің әкең” деуші еді. Әкемнің 26 жасқа қараған жасында Қазан қаласында қайтты дегенін сол кісіден естідім. Ағам 85 жасқа келіп қайтты. Барлығы “Қазан қаласында қайтты” дейді де, одан басқа ештеңе айтпайды. Қайда жұмыс істеді? кім болды? ол туралы еш мағлұмат естіген емеспін. Үнемі сұрастырып, іздестіріп жүрдім. Бірақ еш дерек таппадым, – деп өткенді еске алады Шәмел ағамыз.  _MG_9592
 Бірде газеттің 80 жылдығы мерейтойында басылым бетіне газетте істеген қызметкерлердің тізімдері шығады. Ол кезде Шәміл ағаның Қостанайға көшіп келген кезі.
–Бала кезімде бір кісіден естігенім бар еді. Ауданның бірінші хатшысы болып істеген Беркімбаев деген кісі “сенің әкең осы газетке үнемі мақала жазатын” дегені есіме түсіп кетті. Содан газетке шыққан барлық тізімді қарап шықтым. Тізімді қарап отырып, әкемнің фамилиясын таба алмадым. Әйтеуір жүрегімде сөнбей жүрген бір үміт қой. Соның жетегімен сол кездегі редактордың орынбасары Сәлім Меңдібаевқа келдім. Бірақ Секең ондай адамды танымайды да, білмейді де екен. Өзім де ізденейін деп облыстық кітапханаға бардым, ескі газет тігінділерін ақтардым. Ештеңе таба алмадым. Одан облыстық архивке бардым. 1936-37 жылғы газет жинақтарын қарадым. Алдыма әкелген сарғайған газет беттерін ақтарып отырып, әкемнің фамилиясын көрдім. Бижанов Төлебай деген атпен әкем әр нөмір сайын мақала жазған. Қуанғанымнан жылап, архивте кешке дейін отыра беріппін. Ол кезде жетпістен асқан шағым. Ол жасқа дейін әкемді іздеген емеспін. Бірақ әкеге деген сағыныш ерекше ғой. Көкейде бәрі сайрап тұр. Сонша жылдан соң әкені табу деген… Ол сөзсіз тебіреніс.  Әр нөмірде әкемнің фамилиясы. Барлық мақала латын әліпбиімен жазылған. Бәрін ақтарып, келер күні тағы келдім. Содан архивтен “Бұйрықтар кітабын” сұраттым. Қарасам ол кезде жұмысқа алынатын бұйрықтарды редактор өз қолымен жазады екен. Бұйрықта: “Бижанов Төлебай әдебиет бөлімін басқарсын. Еңбек ақысы 300 сом. ”  деп жазулы тұр. Одан көп ұзамай: “Табын жасырып, редакцияны алдап келгені үшін совет партиясында қызмет істеуге болмайды. Жұмыстан шығарылсын” деп те тұр. Міне, мен осынша іздеген әкемнің тағдырымен осылай таныстым, – дейді Шәмел аға суреттерді көрсетіп.  екинши катарда сабит муканов
Осының бәрі бір жылдың ішінде болған. Бай баласы, қажы баласы жұмыс істеуге болмайды деген сылтаумен аласапыран заманда Бижанов Төлебай комсомолдан да, жұмыстан да шығарылып, Қазан қаласына жіберілген.
–Ол кезде әкем небәрі 25-26 жаста екен. Барлық құжаттарды жинап алып, Сәлім Меңдібаевқа келдім. Мынадай деректі көрген ол кісі мақала жазуға кірісіп, әкемнің кім болғанын ел білді. Менің әкем Бейімбет Майлинге жақын жүрген адам. Жұмысқа кіргізген де сол кісі деп ойлаймын. Суреттеріне қарап отырсам, Беймібет Майлинге еліктеп шаш үлгісін қойып, киім киісі де ұқсап тұр. Жұмыстан шығарған соң Қазан қаласына барып, операция жасап, сол жақта қайтқан. Ондайлардың барлығына бір-ақ диагоноз қоя берген. “Жүректен немесе туберкулезден өлді” деп жазған. Ал біздің тұқымымызда туберкулезден өлген, тіптен ауырған адам жоқ, – деп күрсінді. – Бәрі белгілі болған соң Қазан қаласына бардым. Әкем сол жақта жерленген. Әкемнің ағасы інісіне операция жасағанда барып, жерлеп, келген екен. Кейін әжемді алып, басына көктас орнатып қайтқан. Осының бәрін мен уақыт өткенде білдім. Әкемнің көктасын іздеп, Қазан қаласында бәленбай күн жүрдім. Бірақ, таба алмадым. Туғандарын іздеп, жан-жақтан келіп жатқандар көп екен. Бірақ табу қиын. Себебі ол кезде тіркеу болмаған. Қай жерде жерленгені нақты белгілі емес. Қазан қаласына барған соң мешіттерге барып құран оқыттым. Мұсылмандар зиратын араладым. Одан қалды қуғын сүргіндерге арналған зиратқа да бардым. Ол жерді де қарадым. Сол жерде Сталинннің баласының зиратын көрдім. Ол да қуғын-сүргін көрген. Сталин баласы мынадай болса, қажының баласы атанған біздің әкелеріміз не көрмеді дейсіз деп налыдым. Елден шығарда туған жерден топырақ ала барғанмын. Әкемнің жатқан жерін таба алмаған соң сол топырақты зират басында уыстап шаштым. Әйтеуір бір түйірі желмен, болмаса адам аяғымен жетер деп. Осы жайдың бәрін анамның да, әжемнің де неге айтпағын білмеймін. Шешем әкем кеткен соң тұрмыс құрып, 40 жасында баладан қайтқан еді. Мен әжемнің қолында өсіп, шешеммен араласпадым. Бірақ анаға деген сезім ерекше ғой. Анам қайтты дегенді естігенде жылап, анам тұрған жерге жаяу жеткенім әлі күнге есімде…  Міне, жалғыз осы сурет болмағанда мен әкемнің түрін де білмей, есіме түсіре де алмас едім. Осы суреттің арқасында барлығын тауып алдым. Бір суреттің тарихы деген осы, – дейді редакцияғы бір топ суреттерін әкелген ақсақал.би ага екинши катарда
Суреттер сыр шертеді. Тіптен біреудің тағдырын да шешеді. Бар болғаны бір ғана суреттің ғұмырға татыр мағынасы зор болуы да әбден мүмкін. Қолыңызда шежіреге толы сурет болса сыр бөлісіңіз. Редакция есігі қашанда айқара ашық.
Айтолқын АЙҚАДАМОВА

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓