Игеруде икемсіздік бар
Облыстық филармонияның жиналыс залында Қостанай облысы мәслихатының кезекті VI сессиясы өтті. Өңір басшысы А.Мұхамбетовтың қатысуымен өткен жиында 2016 жылғы қаржының игерілуі, "Нұрлы жол" инфрақұрылымдық даму бағдарламасының іске асу барысы қаралды.
"Нұрлы жол" бағдарламасы аясында өңірде тұрғын үй салу, сумен қамту, инфрақұрылым жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әйткенмен, кейбірі мерзімінен кешеуілдеп келеді. Үлгерімсіздіктің басқа да себептері бар. Мәселен, Заречныйда салынған тұрғын үйдің несиелік қаражатын облыс әлдеқашан қайтаруы керек-тін. Алайда, пәтер сату науқаны, баспанаға мұқтаж жандар саны қыруар бола тұра, өте баяу жүруде. Айлық төлемі қымбат, жергілікті жұрттың ай сайын қалтасынан 130 мың теңге жырып беруге мүмкіндігі жетпейді. Арнайы комиссия мүшелері түйткілді шешер таңдаудың көп еместігін мойындайды. Бірі – субсидиялау есебінен бағаны төмендету, екіншісі – жаңа тұрғын үйді жалдамалы баспана санатына аудару. Депутаттардың пікірінше, ендігіде мұндай мәселелермен ұшыраспау үшін қоғамдық бақылауды жоба құру кезінен бастап күшіне мінгізу қажет. Ал, жалпы, "Нұрлы жол" бағдарламасы бойынша қаражат жеткілікті мөлшерде бөлініп жатыр. "Таяуда Үкімет басшысының қатысуымен республикалық бюджет бекітіледі, сол кезде облыста іске асып жатқан осы бағытқа тағы да қаржы қарастырылады", – деп толықтырды облыс әкімі.
Сессияда сөз болған келесі мәселе – 2016 жылдың бюджетінің қайда шығындалып, қаншалықты игерілгендігі. Бұл туралы облыстық қаржы басқармасының жетекшісі Алма Жүсіпова баяндады.
– 2016 жылы облыс қазынасына 147,7 млрд теңге кіріс кірді. Бұл 2015 жылғыдан 32,5 млрд теңгеге көп. – деп сөз сабақтады А.Жүсіпова. – Десе де, облысты дамытуға бағытталған мақсатты жәрдем мен трансферттер 8,1 млрд теңгеге азайды. Игерілмеген қаржы көлемі – 595,5 млн теңге. Оның 484,8 млн теңгесі республикалық бюджеттің қаржысы. Жұмсаусыз қалған жергілікті қазынаның қаражаты – 110,7 млн теңге. Республикалық берешектен жергілікті бюджет есебінен арылдық.
Қаржы басқармасының есебін ревизиялық комиссияның мәліметтері өткірлей түсті. Комиссия төрағасы Әмірхан Асанов бюджет қаржысын жөнсіз жұмсап, заңсыздығы әшкере болғандарды жіпке тізді.
– Жалпы құны 80 млрд теңгеге саятын 156 нысанда аудиттік шаралар жүргізілді. Заң бұзушылық аталған соманың төрттен бір бөлігінің – 20,5 млрд теңгенің айналасынан анықталды. Тек қана қаржылық құқық бұзу бюджетке 6 млрд теңге залал келтірді. 7 қылмыстық іс қозғалып, 6 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. 63 тұлға әкімшілік жазаға тартылды, олардың 57-не 2 млн 876 мың теңге көлемінде айыппұл салынды… Жалпы, 2016 жылы мемлекетке 223,1 млн теңге шығын келді. Қазіргі уақытта соның тек 19,2 млн теңгесі ғана қайтарылып отыр, – деді Ә.Асанов.
Архимед Бегежанұлы бұл мәліметтерге қатысты өз пікірін айтты. "Бюджеттік бағдарламаларға деген бақылау өте жоғары. Күресті күшейте түсу керек" деді. Ол сондай-ақ мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жайына да тоқтала өтті. Әріптестік аясында қазіргі таңда 22 млрд теңгенің 57 жобасы іске асу барысында. Биыл үлкен бассейн мен 3 мың орындық футбол манежінің құрылысы жалғасады. Келер жылы табысталмақ. Сыйымдылығы мың орындық спорттық-ойын-сауық кешені құрылысын осы жылдың 16 желтоқсанына дейін аяқтау көзделіп отыр. Мұның сыртында, жаппай балабақшалар саны көбейіп, кезекте тұрған 2 мыңнан астам бүлдіршінге орын табылмақ. Сонымен қатар, тұрғындары саны елуден аспайтын ауылдарды таратып, көршілес елді мекендерге қосу мәселесі де қаралды.
Ж.Балғынбекұлы