Кино әлеміне алғашқы қадам (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Тобыл өңірінде тұңғыш рет республикалық Мобильді кино фестивалі өтті. Бұл жобаның ерекшелігі – қалта телефоны бар кез келген тұрғынға өзінің 5 минуттық фильмін түсіру арқылы режиссерлік, операторлық, монтаждаушы және актерлік қабілетін сынауға мүмкіндік берілді. Фестиваль қорытындысы, марапаттау рәсімі күні кеше Қостанай қаласындағы "Жастар сарайы" ғимаратында айрықша сән-салтанатымен өткізілді.
Аталған фестивальдің мақсаты – өңірлерде креативті индустрияны дамыту, сондай-ақ дарынды жастарды анықтау және қолдау. Идея авторы – белгілі қазақстандық продюсер және сценарист, "Аға" фильмінің режиссері Фархат Серкебаев. Фестивальді Қостанай облысының әкімдігі, Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасы, сондай-ақ Ф.Серкебаев өзі ұйымдастырды.
Іс-шара басталмас бұрын ұйымдастырушылар, республикадан арнайы шақыртылған құрметті меймандар жергілікті БАҚ өкілдерімен баспасөз мәслихатын өткізіп, жоба жайында ой-пікірлерін ортаға салып, тілшілер сұрағына жауап берді.
Ал фестивальдің шымылдық ашар сөзін Қостанай облысы әкімдігінің Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Болатұлы Қалмақов сөйлеп, бұл жобаның мән-маңызы туралы айтып, үміткерлерге сәттілік тіледі.
Жалпы, Мобильді киноның бірегей ерекшелігі – ресурстық тұрғысынан да, қалтада смартфонның үнемі болуы тұрғысынан да барлық үміткерге қолжетімді. Сондай-ақ, ең басты "фишка" – оның шынайы авторлық сипатында және шығармашылық қиялды іске асыру мүмкіндігінің шексіздігінде. Мобильді фильм түсіруші кез келген қатысушы сценарист, режиссер, оператор, монтаждаушы және тіпті актерлік шеберлігін 5 минуттан аспайтын туындысында біріктіріп, жан-жақтылығын көрсетуі керек. "Мобильді киноның және мобильді контенттің басқа да түрлерінің берері не?" деген көпшілікті ойлантуы мүмкін. Мұның басты мәні – жаңа заманауи визуалды тілді, жаңа оқиғаларды, кейіпкерлерді, үлкен камераларға түсіру мүмкін бола бермейтін жағдаяттардың ерекше нұсқаларын іздеу.
Мобильді кино фестиваліне барлығы 218 қатысушының жұмыстары қабылданған. Оларды "Қазақфильм" АҚ Вице-президенті Айдархан Әділбаев, танымал актер Мұрат Бисенбин, блогер және актриса Айнұр Нұрсейітова, режиссер, продюсер және сценарист Фархат Серкебаев, актер әрі режиссер, жерлесіміз Төлепберген Байсақалов қатарлы фестивальдің қазылар алқасы саралап, сұрыптап, үздіктерін анықтады. Яғни төрешілер келіп түскен барлық материалды үлкен сахнадағы экран арқылы тамашалап, өз бағаларын берді.
Іс-шара соңында 40 номинанттының есімі белгілі болды. Яғни 8 аталымның әрқайсысына 5 жүлдегерден таңдалды. Нәтижесінде, қазылар алқасының ортақ ұйғарымымен, төмендегі қатысушылар мобильді кино фестивалінің жеңімпаздары атанды:
-"Үздік мотивациялық фильм" аталымы –Төрехан Жұман (Қостанай қ.);
-"Үздік актер" аталымы – Данил Ибрашев;
-"Үздік сценарист" аталымы – Вячеслав Тарасенко;
-"Үздік операторлық жұмыс" аталымы – Уәлихан Ырысалды;
-"Үздік режиссура" аталымы – Евгений Канашкин;
-"Көрермен көзайымы" сыйлығы – Дәулет Масқатов;
-"Үздік әлеуметтік фильм" аталымы – Оңғар Бауыржанұлы;
-"Үздік комедия" аталымы – Дамир Бектұрғанов;
– "Қазақфильм" студиясының арнайы сыйлығының иегері – "Түнгі ауысым" фильмі үшін Айдар Жұмаділов.
Жеңімпаздарға қазылар алқасы, Қостанай облысы әкімінің орынбасары Бақыт Есімова, облыстық Мәдениет басқармасының басшысы Ерлан Қалмақов марапат табыстады.Фестиваль соңында ұйымдастырушылар осы іс-шараның жоғары деңгейде өтуіне зор қолдау көрсеткен демеушілерге Алғыс хат табыс етті.

Іс-шараға ұзын саны 720 адам қатысты.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков