Отандық автоөндіріс сыртқы нарыққа шығуды көздейді
Қостанайдағы "СарыАрқаАвтоПром" АҚ еліміздегі көлік құрастыру ісіне айрықша үлес қосып келе жатқандығы туралы бұқаралық ақпарат құралдарында бұған дейін де жазылған, көрсетілген. Шын мәнінде Тобыл өңірі отандық көлік құрастырудың флагманына айнал-ғанын Елбасы Н.Назарбаевтың өзі талай рет биік мінберлерден айтқан.
Мәселен, өткен жылға дейін зауытта түрлі маркалы жиырма мың көліктің құрастырылғанын оқырманға сүйіншілеп жеткізген едік. Тек 2014 жылдың өзінде алып кәсіпорыннан 9 мыңға жуық көлік шығарылды. Былайша айтқанда, көлік құрастыру ісінде іркіліс жоқ, алайда, саланың ілгерілей алмай тұрғаны автодиллерлік жүйенің дұрыс жолға қойылмауымен байланысты дейді мамандар. Нақты сандарға сүйенсек, былтыр зауытта құрастырылған "Тойота", "HYUNDAI", "Ssаng Yong", JAC, "Ивеко" сияқты бес мыңдай көліктің бірде біреуі сырт елдерге сатылмапты. Тіпті, көршілес Ресей нарығына шығудың өзі мұңға айналып отыр. – Өкінішке қарай, кейде техникалық жағынан сәйкессіздік туындап жатады. Сондықтан қазақстандық зауыт өз өнімдерін Ресей нарығына бейімдеуі қажет. Егер сол талапты бір жүйеге келтірсе, біз байланыс орнатуға дайынбыз, – дейді Челябі қаласындағы автосалон директоры Андрей Кольцук.
Қазір дистрибьютерлерге қойылатын талап өте жоғары. Онсыз бизнеске кірігу қиын. Тек қана инвестициямен шектелмей, болашаққа жұмыс істейтіндей диллерлік жүйені, инфрақұрылымды дамыту міндет. Бұл мәселелерді шешуде бизнес қауымдастығы белсенділік танытуы қажет. Тағы бір маңызды жайт, автокөлік құрастыруда отандық үлестің басым болуы маңызды. Егер сырлау, дәнекерлеуі бар өзімізде істелетін жұмыс көлемін 50 пайыздан асыра алсақ, оны отандық өнім ретінде Еуразия аумағында еркін сатуға болады.
Мамандар Қостанайдағы автозауытта отандық үлесті ең болмағанда тең жартысына жеткізу үшін жоғары технологиялы өндіріс желілілері іске қосылуы керектігін меңзейді. Оған қосымша қаржы салымы қажет. Қазір кейбір қосалқы бөлшектерді өзімізде өндіру мәселелері қаралып жатыр. Осы мақсат үшін арнайы индустриалдық аймақ салынуы бек мүмкін.
– Тағы бір жолы, Ресейдің автоөндіріспен айналысатын ірі өңірлері Челябі, Свердлов облыстары бізге жақын. Қажетті бөлшектерге тапсырыс беріп, солардың зауыттарында жасауға болады. Сондай-ақ, Татарстанда машина жасау кластері жақсы дамыған. Олармен да байланыс орнатуға мүмкіндік бар, – дейді кәсіпорын директоры Сергей Могилатов. Шындығы керек, біздегі ішкі нарықтың аясы тар. Сондықтан, қазақстандық автоөндіріске қалайда Ресейге шығу маңызды. "Әрине, бәсекелестікке төтеп беру оңай емес, дегенмен, көрші нарықта да өз орнымызды табуға әбден болады", – деп есептейді қостанайлық мамандар.
Жалпы, қазақстандық автоөндірушілер қол қусырып қарап отырған жоқ. Еуразиялық кеңістікке кірудің түрлі жолдарын іздестіріп-ақ жатыр. Соның бір нәтижесі – таяуда Ресейдің Екатеринбург қаласында Қостанай зауытының автодиллер орталығы ашылды. Қайткенде Тобыл өңіріндегі алпауыт өндіріс көлік құрастыру саласына басымдық беріп отырғандығы бекер емес. Бұл туралы жуырда Астанада бизнес өкілдерінің қатысумен өткен арнайы жиында ҚР Сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов та айтты.
– Елбасы үлкен міндеттер қойып, тапсырма берген. Шетелден инвестиция тартып, Қазақстанда шығарылып жатқан, әсіресе, Қостанай облысында шығарылып жатқан өнімдерді шет нарыққа шығару керек, – деген еді министр сол жолы.
Жоғарыда қытайлық автоөндірістің қолдауымен Қостанайдағы көлік құрастыру зауытында JAC маркалы жеңіл көліктердің шығарыла бастағанын айттық. Енді соның электр қуатымен жүретін түрін жасау кең етек ала бастады. Бұл отандық автоөндірістегі тың жоба. Бүгінге дейін "СарыАрқаАвтоПром" АҚ-ында электромобильдің 12-сі шығарылды. Олар жазда Астанада өтетін "ЭКСПО-2017" көрмесiне ұсынылады. Яғни, қостанайлық автозауыт халықаралық көрме қарсаңында жасыл экономиканың жаңа жүйесін енгізуді көздеп отыр. Көлік құрастыратын цехта алғашқы электромобильдер бастапқы тексерістен өткізілді. Кейін тоқпен жүретін автокөліктің Арқадағы қытымыр қысқа қаншалықты шыдас беретіндігі сыналды. Сұраныс болса, өндірістік желіні толық іске қосуға мүмкіндігіміз бар дейді мамандар.
– Бұл көліктер жеңіл, үнемді және арзан. Мұндай элек-тромобильдердің әдеттегі машиналардан айырмашылығы – құрылымы қарапайым және тартымы жақсы. Электр қозғалтқышының қуаты 85 киловатт, 115 ат күшіне тең. Аккумуляторы сағатына 33 кВт тоқ өндіреді. Батареялары күміс түсті металдан құйылған. Тексеріс нәтижесі көрсеткендей, қуаты орташа есеппен 200 шақырымға жетеді. Ол енді жол жағдайына, қалай жүретіндігіне байланысты. Артықшылығы неде? Біріншіден, қоршаған ортаға зиян келтірмейді, сосын басқа көліктерге қарағанда көп үнемдейді. Мәселен, бір шақырымға кететін бензин құнынан электр қуаты 50 пайыз арзанға түседі, –дейді бізбен әңгімелескен кәсіпорындағы жеңіл автокөліктер құрастыру цехының басшысы Олег Комиссаров.
Өндірісті кең жолға қоюға тежеу болып тұрған бір жайт – тоқ қуатын алатын нүктелердің жоқтығы. Үй жағдайында тұрмыстық электр желісіне қоссаңыз ұзақ күтуге тура келеді. Кем дегенде сегіз сағат. Ресми ақпаратқа сүйенсек, "ЭКСПО-2017" көрмесіне дейін Қазақстанда электрмен қуаттандырғыш жүз станция салу жоспар бар көрінеді. Қырық бекет Астанада, тағы осынша бекет Алматыда орналаспақ. Қалғаны екі аралықтағы жол бойында салынады.
Негізі, JAC электромобильдерiнiң өндiрiсiн дамыту мен жалпы автомобиль құрастыру саласын өркендету үшiн Қостанайда индустриялық аймақ құрылады. Оны былтыр, күз айында облыс орталығына келген сапарында ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Асқар Мамин де көріп, танысқан болатын.
– Алдымен, 60 гектар аумақты игереміз. Онда автокомпоненттер шығаратын бiрнеше зауыт орналасады. Яғни, көлік құрастырудың отандық үлесін барынша арттырамыз. Қытай және өзбекстандық әріптестерімізді осы тың бастама бойынша шақырып отырмыз. Индустриялық аймаққа қазiр желiлер тартылып жатыр. Биыл аймақтың бiрiншi бөлiгiн, келесi жылы екiншi бөлiгiн пайдалануға беремiз, – дедi таяуда елордадағы ОКҚ өткен брифингте облыс әкімі Архимед Мұхамбетов, – Техникалық-экономикалық негіздемесі бойынша 11 млрд теңге жұмсалуы тиіс-тұғын. Бірақ, біз оны барынша оңтайландырдық. Ал биылғы жылдан бастап облыста Eуро-5 экологиялық талаптарына сай келетiн Ankai жолаушылар автобусының сериялық өндiрiсi iске қосылады.
– Биыл бiз "ЭКСПО-2017" көрмесiн автобустармен қамтамсыз етемiз. "Астана LRT" компаниясымен келiсiм-шарт бекiтiлдi. Бiз 400-ге жуық автобус әкелемiз. Олардың 75 пайызының сыйымдылығы жоғары. Олар жүзден астам жолаушыға арналған. Автобустар "ЭКСПО" көрмесiне келген туристердi тасымалдайтын болады. Ал көрме аяқталған соң автобустар елорданың қалалық бағыттарда қызмет көрсетедi, – дедi өңір басшысы.
Сондай-ақ, қостанайлық көлік құрастырушылар Өзбекстанның "УзАвто" кәсiпорынымен бірлесіп жаңа Ravon жеңіл көлігін шығаруға бел буып отыр. Бұл "Нексия" көлігінің әбден жаңартылған және жетілдірілген түрі.
– Бұйыртса, бұл Қазақстандағы ең арзан көлік болмақ. Құны 2,6 млн теңге шамасында. Одан төмені жоқ. Ravon көліктері жан-жақты тексеруден өткен және барлық талаптарға жауап беретін арнайы сертификатқа ие, – дейді "Allur Auto" компаниясы директорлар кеңесінің төрағасы Андрей Лаврентьев. Әзірге, жаңа көліктің қо-салқы бөлшектерінің дені Өзбекстаннан әкелінеді. Болашақта қазақстандық үлесті 50%-ке жеткізіп, тіпті, одан да жоғарылату көзделіп отыр. Сонымен қатар, екі жақты келісім бойынша басқа да жеңіл және жүк көліктерi құрастырылады.
Бір сөзбен айтқанда, Тобыл өңіріндегі шаһар Қазақстандағы алып автоиндустрия орталығына айналатын күн алыс емес. Оған "СарыАрқаАвтоПром" АҚ сияқты көлік құрастырудың қыр-сырын жетік меңгерген отандық өндіріс ошағының бүгінгі жетістіктері дәлел. Тек, сыртқы нарықпен байланысты күшейтсе, Қазақстанда жасалған көліктердің қай-қайсысы болсын, жер-жаһанның кез келген бұрышында жүйткитініне сенім зор.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.