Мақсат – жетістіктің желкені

            Елбасы Н.Ә. Назарбаев биылғы "Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік" атты жолдауында елдің аргоөнеркәсіп кешенінің болашағына ерекше тоқталды. Маңызды құжатта: "Көптеген позициялар бойынша біз әлемде ірі аграрлық экспорттық өнім өндірушілердің біріне айнала аламыз. Астық өнімдері бойынша біз Еуразияда «нан кәрзеңкесі» болуымыз керек", – деген еді ол…
            Ұлт көшбасшысы агроөнеркәсіп кешенін дамытудың жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыру мақсатында Үкімет пен әкімдерге нақты тапсырмалар жүктеді. Солардың "сүйектілері" – ауыл шаруашылығын әртараптандыру және субсидияларды бөлу қағидаларын қайта қарастыру.агро3
 
Әуелі әртараптандыру жайында…
            Ауыл шаруашылығын əртараптандыру – агроөнеркəсіптік кешенінің алдында тұрған үлкен мəселе. Мамандар анықтамасына сүйенсек, әртараптандыру дегеніміз – өзімізге тиісті жерлерімізді тиімді пайдалану, оның құнарлылығын арттыра отырып, ауыспалы егісті ендіре отырып, оны қайтарымы мол салаға айналдыру. Бүгінгі таңда бұл бағытта көптеген жұмыстар атқарылып келеді. Мысалы, соңғы жылдары бидай егу мен мақта өсіру елімізде монодақылға айналып кетті. Барлық жерде бидай, еліміздің оңтүстігінде тек мақта. Осының салдарынан ауыспалы егіс деген жоққа айналды. Бұл – ғалымдар жасаған анализ.  Айтса айтқандай-ақ, ауыспалы егісті ендіру деген жаңа технологияларды қолдануға, жердің құнарлығын арттыруға, егіс өнімділігін молайтуға үлкен əсерін тигізеді. Біз бидай мен ұн өндіру бойынша дүние жүзінде алдыңғы қатарда келе жатырмыз. Бірақ кей кезеңдерде сол бидайды сақтауға қойма таппай немесе ауа райының қолайсыздығына байланысты қардың астында қалып жатты. Соған байланысты, ел қамбасын ғана толтыратын жəне шетелге экспорттауға ғана бидайды өндіріп, қалған жердің көлемін басқа бағытқа бұрғанды абзал санайды мамандар. "Мысалы, – дейді экономистер, – 1 тонна бидайды сатып тапқан табыстан сондай жем-шөп дақылдарын өсіріп, оған ет өндірсек, елімізге 5 есе артық пайда келеді екен".
            Қостанай облысының диқандары бұл жайдан бейхабар емес. Егін шаруашылығын әртараптандыруға екпінді кірісіп кетті. Жоспар орындалса, 2021 жылға қарай аймақтағы бидай егістігі 700 мың гектарға дейін қысқаруы тиіс. Есесіне майлы дақылдар, жем-шөп пен көкөніс алқаптары ұлғайтылады. Дей тұрғанмен, әзірге бірізділік қалыптаса қойған жоқ. Былтыр облыста майлы дақылдар 315 мың гектарға егіледі деп жоспарланғанымен, 270 мың гектарға ғана себілді. Қайта бидай егістігінің ұлғайтылғаны байқалады. Мұндай көрініс Ақмола, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарына да тән.агп1
 
Ақжағалылар айтады…
            Таяуда әртараптандырудың маңыздылығына вице-премьер әрі ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов дәйекті жауап берді. Оның пікірінше, бұл тәжірибеге көшу үнем мен пайданың кепілі бола алмақ. "Қазақстан экономикасы басымдықтарды қайтадан қарау талап етілетін кезеңге кірді. Алдағы бес жылда ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру мен өңдеу – әртараптандырудың басты көзі және экономикалық өсімінің драйвері болуы тиіс, – деді. – Нарық заңдарына байланысты бидайдың артылып қалуы оның бағасының арзандауына әкеліп соғады. Сонымен қатар, бұл мемлекеттен бөлінетін субсидияның тиімсіз бөлінуіне себеп болмақ. Әртараптандыру сондықтан да қажет".
            Айтуынша, әртараптандырудың тағы бір тиімділігі – мал шаруашылығын құрама жемдермен қамтамасыз етеді. Осыған байланысты арпа, жүгері егістік алқаптарын ұлғайту керек-ақ.
            Министрлік жоспарға сай бөлінетін қаржыны да жария етті. Бүгінде мемлекет 30,4 млрд теңгені дәнді дақылдар, бұршақты дақылдар, қант қызылшасы, картоп, мақта және бақша дақылдарын гектарлық субсидиялауға бөледі. 2021 жылға қарай ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы шығарылымын 30%-ға немесе қазіргі 3,3 трлн теңгеден 4,3 трлн теңгеге дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Сонымен қатар, алдағы бес жылда еңбек өнімділігі 50%-ға артып, ауыл шаруашылығы өнімділігі 1,5 есеге молаяды. Бұл да министрлік жария еткен ақпар.
            Өз өңірімізге ойысайық. Бес жылда Тобыл-Торғай топырағында бірталай өзгерістер болмақ. Өңірде майлы дақылдарға арналған егістік 405 мың гектарға дейін ұлғайтылады. Малазық алқабы 213 мың гектарға, картоп 1700 гектарға және көкөніс 1 мың гектарға көбейтілмекші. Бұған субсидия бөлу жүйесіндегі өзгерістер септеседі. Ағымдағы жылдан бастап, бидайды гектарына субсидиялау доғарылады. Бұл ақпаратты Қостанай облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мәлімдеді.
            Сонымен, бес жылдық аграрлық бағдарламада (2017-2021) көрсетілгендей, субсидиялар бидайдан басқаға дақылдарға көбірек беріледі. Бұған дейін егістік алқабына 60%-ға жуығына бидай егіліп келгенін ескерсек, енді әртараптандыру көшіне ілесу үшін диқандарға бірталай күш салуға тура келеді.агп
 
Субсидияда – соны талаптар
            Биыл егін салуды несиелендіруге өзгеріс енді. Диқандарды қаржымен қамтамаз етумен енді  «Аграрлық несие корпорациясы» айналыспақ. Осы жылғы тұқым себу жұмыстарына айтылмыш корпорация 60 млрд теңге қарастырды.Бұл соманың жартысынан көбі екінші банктер арқылы үлестірілді. Ал ширегін егіншілер несиелік серіктестіктерден, шағын несиелік ұйымдардан ала алмақ.
            Корпорациядан тікелей несие алушыларға жылдық мөлшерлеме 3%-ға тең. Екінші деңгейлі банктерде екі есеге басымдау. Мұнымен қоса, биыл ҚР АШ министрлігі күнбағыс, соя, зығыр және рапс, арпа, сұлы, күріш, жүгері, қант қызылшасы, мақта және картоп өсіретіндерге жеңілдетілген несие ұсынды. Дегенмен, бұл қолайлылықтар кейбір шағын кәсіп иелерінің "ежелгі" проблемаларын жеңілдете алмағандай. Кепілге тігер "лайықты" мүліктері жоқтарға екінші деңгейлі банктер қырын қарайды-мыс. Мамандар да шағын және орта бизнес өкілдерінің осы базынасының ескерілмей қалып жататынын жасырмайды. Алайда, олардың да оң жамбасына келер оңтайлылықтардың қарастырыларына сендіреді.агп2
            Тағы бір тың өзгеріс – осы жылдан бастап субсидия кәсіпкерлерге егіп-орғаны үшін емес, өткізген өнімінің көлеміне қарай беріледі. Бұл сонылықты тіксіне қабылдайтын қостанайлық кәсіпкерлерге облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Байбосын Мурзин "субсидиялардың отандық өндірушілерге шикізат тапсырсаңыз ғана беріледі" дейді.
            – Бізде көлемі 100 мың тонналық жеті зауыт бар. Онда тапсырылған әр тонна үшін алты мың теңгеден субсидия ала аласыз, – деп толықтырды басқарма басшысы.
            Сөйтіп, сала министрлігі тиімсіз деп атаған 11 субсидия түрін алып тастады, қырыққа жуық субсидия түріне өзгерістер кіргізді. Мұндағы мақсат – ең әуелі, ұсақ шаруашылықтар мен кооперативтерді қолдау. Министрлік сүт қабылдау, мал бордақылау пунктерін алғашқы жарнасыз иеленуге болатын схема жасап шығарды. Яғни, алғашқы жарна орнына инвестициялық субсидияның 50%-ы пайдаланылады.
            Мамандар жаңа механизмнің артықшылығы соңғы нәтижеге бағытталуында деп отыр. Басқаша айтқанда, бұл қадам өнімділіктің, сапаның, бастысы, өндіру қуатының артуына септігін тигізбек. Барлық жаңашылдық ел экономикасын еңселендіру мақсатында қолға алынып отырғаны белгілі. Ал мақсат – жетістіктің желкені.
 
Ж.Балғынбекұлы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓