МӘМС: жеңілдік кезеңі ұзарды
Қостанай облысында 24 мыңнан астам шағын және орта бизнес нысандары медициналық сақтандыру аударымы мен жарнасынан осы жылдың 1 қазанына дейін босатылды. ШОБ қызметкерлері Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетінен көмек алуы үшін олардың жұмыс берушілері аталған мерзімге дейін Қорға жалдамалы жұмысшылары туралы ай сайын ақпарат беріп отыруы тиіс.
Баршаңызға мәлімдей, МӘМС жүйесінде қазақстандықтарға арналған жеңілдік кезеңі 1 шілдеде аяқталды. Бұған дейін барлығы шартты түрде сақтандырылған болып саналған-ды, сондай-ақ, сәйкесінше, олар МӘМС пакеті аясында медициналық көмек алуға құқылы болған еді.
Үкіметтің "Салық салу мәселесі бойынша экономиканы тұрақтандырудың алдағы шаралары туралы" №224 Қаулысына сәйкес, 2020 жылғы 1 сәірден 1 қазанға дейін Қостанай облысында ШОБ-тың 29 деңгейі, яғни 24 мыңнан астам ЖК мен ЖШС-тер жарна төлеуден босатылды", – дейді Қостанай облысындағы филиал директоры Сәуле Аймұханбетова.
ШОБ үшін жеңілдік кезеңін созу – шағын және орта кәсіпорындарды қолдауға бағытталған шара. Яғни, осы кәсіпорындардың қызметкерлерінің жалақысынан салық пен аударымдар ұсталмайды. Сөйте тұра, олар медициналық сақтандыру пакетін қалауынша мұқтажына пайдалануға толық құқылы. Мұның сыртында, эпидемияға қарсы шараларға жұмылдырылған медицина қызметкерлеріне қосылған үстемеақыдан МӘМС үшін жарналар алынбайды.
Ал Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ақпарат беру механизмі мынадай: жұмыс берушілер жұмыскерлерінің электронды нұсқадағы тізімін әр ай сайын 25-нен кешіктірмей өткізуі тиіс. Бұл үшін олар Мемлекеттік кірістер комитетінің сайтына https://msb.fms.kz/login сілтемесі арқылы кіріп, тізімнен БСН бойынша өз ұйымын тауып алуы керек (бұл тізімде БСН болмаса, ұйымды тіркеу мүмкін емес). Одан кейін заңды тұлғаның немесе ЖК электронды цифрлық қолтаңбасының көмегімен тіркеліп, қордың ақпараттық жүйесіне кіріп, тұтынушылық келісім-шарт жасасуы қажет. Бұдан соң МӘМС төлемдерінен босатылған қызметкерлердің ЖСН-дері енгізіледі – бұны Excel-дің бір файлына сыйғызуға да, әр жұмыскерге әр жол арнап істеуге де болады. Одан әрі мәліметтерді қайтадан теру қажет етілмейді, тек деректерді өзектілендіруге, толықтыруға болады. Ал бұл ақпараттар ай сайын Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданып отырады.
Егер ШОБ мекемелерінің қандай да бір қызметкері емханаға келіп, сақтанлыруға қатысты медициналық көмекке белгісіз себептермен қол жеткізе алмаса, ол өз еркімен Qoldau 24/7 мобильдік қосымшасы арқылы деректерді жолдай алады. Ол үшін әуелі бұл қосымшаны көшіріп алу қажет. Оған электронды мекенжайыңызды, аты-жөніңізді, ЖСН, телефон нөмірін көрсетіп, тіркелу шарт. Содан кейін мынадай мәтінде арыз жазу керек: "Мен, ШОБ-тың салық және әлеуметтік аударымдар төлеуден босатылған жұмысшысымын, бірақ сөйте тұра Медициналық сақтандыру қоры мен туралы дерек ұсынбай отыр". Бұдан соң ұйым БСН-ін, жұмыс берушінің және өзінің ЖСН-ін көрсету қажет, сол жұмыс берушімен арадағы еңбек қатынастарын айғақтайтын құжаттарды (тағайындау туралы бұйрық немесе еңбек келісім-шарты) тіркеу міндет.
Операторлар жарты сағат көлемінде барлық мәліметтерді тексеріп, жағдайды анықтап береді. Мұның сыртында, ол жұмыс берушісіне де өзі туралы деректерді Қордың ақпараттық жүйесі арқылы тіркеу өтінішімен жүгінуі керек. Өйткені жалдамалы жұмыскер тіркелгенде ғана сақтандырылған болып саналады.
Айта кетейік, Қазақстанда МӘМС жүйесі осы жылы 1 қаңтарда іске қосылған болатын. 1 сәуірде жеңілдік кезеңі созылатыны туралы жарияланды. Қостанай облысынан жеңілдікке іліккен ШОБ тізімімен Үкіметтің аталмыш қаулысынан танысуға болады.