Кемел кәсіпкерлікке жол
Жарысқа жоғары оқу орнының студенттерінен құралған 14 команда қатысты. Олар бірнеше іскери ойындарға қатысып, «ERG бизнесін трансформациялау» мәселесін шешудің түрлі жолдарын ұсынды. Айта кетейік, аталмыш чемпионат Еуразиялық Топтың студенттік ортада жастар кәсіпкерлігінің экожүйесін құру жобасының аясында ұйымдастырылып отыр. Басты серіктестер – Almaty Management University, Қазақстандағы Тель-Авив Университеті достарының қауымдастығы мен «Жас атамекен» кәсіпкерлер клубы.
– Бизнес-ойындардың мақсаты – кәсіпкерлікке икемі бар жастарды анықтап, олардың осы саладағы білімі мен біліктілігін дамыту. Мұндай үлгідегі жарыстар тұңғыш рет өткізіліп тұрса да, институт студенттері берілген тапсырмаларды сәтті орындады. Жеңімпаз командалар «Арлан» кәсіпкерлік лагеріне қатысып, жетекші коучтерден сабақ алатын болады, – дейді «Жас атамекен» кәсіпкерлер клубының президенті Зарина Көкжанова.
«Кеме Кәсіпкер» чемпионатының қорытындысы бойынша Энергетика және ақпараттық жүйелер факультетінің «Вулкан» командасы 1-орынды иеленді. 2-3 орындарды Экономика және құрылыс факультетінің «Эгида», «Достық» командалары өзара бөлісіп алды.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ