Дархан Әбәйділдә: «Салмағы ауыр сауалдар, жауап таппай қиналасың…»
1996 жыл. 21 шілде. Түнгі сағат ондар шамасы. Алматы облысы Заречный кентіндегі қатаң режимдегі түрме. Сотталғандар қарауыл күзетшісіне қарсылық көрсетіп, қарасын батырмақ болады. Алайда, антқа адалдық танытқан жиырма жастағы жігіт қауіпті топқа жалғыз қарсы тұрады. Қылмыскерлерді құрықтаған торғайлықтың ерлігі күні бүгінге дейін әскер қатарына алынған жас сарбаздарға үлгі етіледі. Оның құрметіне сол жерде ескерткіш тақта орнатылған. Бір жылдан соң «Закон» газетінде «Героический поступок Тургайца» атты тақырыппен мақала басылады.
Сол кезде көзсіз ерлік жасаған сарбаз, бейбіт күннің батыры – Дархан Әбәйділдә Қостанайда тұрады. Жақында редакцияға шақырдық. Дархан Ғарифоллаұлы күллі қазаққа ортақ мәселелер турасында сөз қозғады. Ұлттық мүдде жайында ой бөлісті.
Қарауылдың ерлігі
– Аға, әлгі оқиғаны кеңірек айтып беріңізші.
– 1995 жылдың маусым айында оқу-жаттығу жиындарынан өтіп, шілдеде Отан алдындағы борышты өтеуге кірістім. Бір жылдан кейін арнайы жасақ құрамына ендім. Онда бір-ақ ай болып, өз еркіммен екінші ботальонға Алматы облысының Заречный кентіндегі қатаң режимдегі 155/8 колониясына ауыстыру туралы рапорт жаздым. Мұнда басым бөлігі қылмыстың аса ауыр түрі бойынша жазасын өтеушілер болатын. Бір жағынан түрмедегілердің қолынан шыққан дүниелер сапалы болады. Әскерден келген ауыл адамдары әңгіме барысында осыны айтатын. Жас болғандікі шығар, әр нәрсеге желігесің. Олар ағаштан ойып түрлі заттар жасайды, әсіресе, пышақтарына қызығатынмын. Қажетті материалдардың барлығы дер кезінде сырттан жеткізіліп отырды.
21 шілде күні қарауыл қосынына түсетін кезек уақыты келді. Екі взвод күнәра күзет ауысымына түсеміз. Кезегім келіп, №5 қосында мен күзетіп тұрдым. Егделеу келген бір «ЗЭК» пышақ істеп беретінін айтып, әлдебір материалдар сұрады. Қателеспесем, машинаның серіппесі болу керек. Кейін «Макс» дейтін талдықорғандық жігітпен ел сұрасып, уақыт оздырып отырдық. Қас қарайып қалыпты. Күндегі периметр тексерісі де өтті. Шамалы дем алып алайын деп, қосында отырғаным сол еді, мылтықтың дауысы естілді. Кенет оқ маған қарай әудемжерден бірнеше рет атылды. Алдында командир күзет барысында қауырт өзгерістердің болатынын ескертіп, сақтықты қатаң тапсырған. Бұл оқиға көзді ашып-жұмғанша болды, ойлануға мұрша бермеді. Қосыннан секіріп түсіп, іргеде қазылған жертасаға (окоп) жасырындым. Негізі бесінші және алтыншы қосынның арасында иттер жүретін. Олар да көрінбеді. Тұтқындар тікен сымы бар негізгі қоршауға жақындап қалыпты. Одан өтіп кетсе, кедергі жоқ, қашып кетеді. Іле-шала автоматты алдым. Маған қарай тапаншамен жүгіріп келе жатқан біреуді жараладым. Қалған үшеуі қоршауды айнала қашып бара жатыр екен. Шыға беріс жақтың торында тесік бір жер бар-тын. Шықса, ұстай алмаймын. Айналып барып алдынан тостым. «Стрелять буду!» деген пәрменді естіді. Жазасын өтеушілер кері қашты. Не керек, оларға тигізбей тағы бір «себелеп» тастадым. Жан керек, барлығы құлады. Етпетінен жатқызып, көмек келгенше ұстап тұрдым. Адам өлтіре салу дегенің түкке тұрмайтын нағыз баскесерлер екені көрініп тұр. Тыпырлап, құтылуға тырысып жатыр. Қалай дегенде де, қаруды жасырып өткізуге әлдекімдердің жеңұшынан жалғасып, көмектескендігін жоққа шығармаймын. Кейін білсем, олар қауіпті қылмыскерлер екен. Тергеушілер келіп, мән-жайды сұрады. Осылай күндер өте берді.
– Кейін әлдебір атақтарға ұсынды ма?
– Жоқ.
– Одан әрі қарай әскери мансапты жалғастырғыңыз келген жоқ па?
– Ұсыныстар түсті. Келісім-шарт жасасып, қалуға болатын. Бірақ, бәрібір ауылға қарай тартып тұрды. Көп ойланбай, туған жерге тартып кеттім.
– Кей жігіттер әскерге бару десе, ат-тонын ала қашады. Сіздіңше, бұл қорқу, әлде қауіпсіздікті ойлау ма?
– Қазір әскерге бармау үшін мүмкіндіктер өте көп. Екінші жағынан, әскер жолы – еркектер арасындағы жазылмаған заң. Біздің уақытта «мынау армияға бармапты» деген сөздің өзі ұят-тын. Әскер қатарына барудан жалтармай, ер-азамат екеніңді дәлелдеу біз үшін таңдаусыз тапсырма еді. Бүгінгі күні бұл туралы сенен ешкім сұрамайды. Әскери билетке қарап тұрған ештеңе жоқ деген де түсінік бар.
– Әкелеріміз тұрмыс тапшылығын көрді. Қара қазанның қамы үшін көп қиналды. Мынаны айтыңызшы: аға буынды шыңдаған заман таршылығы ма, әлде басқалай себеп бар ма?
– Жекешелендіру басталып, совхоз тарағанда бір қиыншылық кезеңді өткердік. Техника жоқ, жанар-жағай май қолжетімсіз. Мал азығын, отынды ат арбамен, өгізбен тасыдық. Сол уақытта бейнетпен шыңдалған замандастарым, ақ адал еңбегімен шаруаларын дөңгелетіп, қазір еңбегінің зейнетін көріп отыр. Негізінде оларды шынықтырған сол кездегі қоғамның тəрбиесі, ата-баба дəстүрі деген құндылықтар. Қазірдің де өз таршылығы бар. Тіпті, әдеби кітаптардың өзі осы тақырыптарды қозғайды ғой. Кешегіні еске алып, болашаққа үмітпен қарау әр отбасының қағидасы болған.
– Қанша кітап оқыдыңыз?
– Мынша межеге жеткізу деген мақсат қоймаппын. Жобалап айтсам, әлі жеті жүзге жеткен жоқ.
– Кітаптың тілі күрделі дейтін ағайын көп. Оқырманға ұғынықты шығармалар қайсы?
– Әркім өз өресіне қарай таңдайды. Жас кезде түсінбесек те, кітап оқу керек деген қағиданы естен шығармайтынбыз. Мұхтар Мағауин мен Оралхан Бөйкейдің кітаптарын іздеп жүріп оқитынмын. Әсіресе, Оралханның оқиғаны қарапайым, түсінікті жеткізуі ұнайтын және ол әр шығармасында қоғамдық мәселелерден айналып өтпейді. Оның прозасы мен драматургиясында ар алдындағы жауапкершілік, рух тазалығы, жаратылыс пен адам арасындағы қарым-қатынас проблемасы өткір қойылды. Әлеуметтік желілерде көп отырамын. Қазір аралас неке туралы көп айтылып жүр. Біздің таным-түсініктің өзгеріп бара жатқанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Кей жастардың пікірінше, қазақ пен өзге ұлттың қосылуы арқылы пайда болған будан ұрпақ Қазақстанның бейнесіне айналуы тиіс. Айдың-күннің аманында бұл не сұмдық? Міне, осы «метис» мәселесін сонау жылдары Оралхан Бөкей қозғап кеткен. Автор елімізге нарық заманы келе бастаған уақытта дабыл қағады. «Атау кере» романындағы аспирант Таған арқылы маскүнемдік ауруы, Ерік бейнесі арқылы «қоғамда бәрін сатуға және сатып алуға болады» деген көрсоқыр, адамдыққа да жаратылысқа да қайшы көзқарасты көрсетеді. Мұсылмандық қабылдап, ақырғы күндеріне шейін бес уақ намазын қаза қылмай келген Нүрке кемпір өмірден озар соңғы сәтінде екі саусағын біріктіріп шоқына бастайды. Автордың айтқысы келгені, шығарманың түйіні – осы.
– Ғаламторда халықаралық шекара жоқ. Қазіргі заманғы үрдістерді ұялы телефон арқылы біле аламыз. Атамыз атын естімеген анау қиырдағы Американың бүгінгі тұрмысын тікелей көруге мүмкіндік бар. Алайда, ұлттық мүдде турасында көп нәрседен ұтылып жатырмыз. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Жеткенім бір, жетпегенім жетеу болып отқанда жас-жеткінге, замандасқа ақыл айтар мен емеспін. Ойым мынау: мемлекетті билік деп түсінетіндер көбейіп кетті. Билік бүгін бар, ертең жоқ. Ал, мемлекет – ұлт және ұлт құраушы факторлардың жиыны. Билік, дәстүр, сана, күнделікті тұрмыс – барлығы елдің даму тетіктері. Қазақ – данышпан халық. Ата-бабамыз ешқандай телескопсыз аспан әлемін зерттей алған, уақыт есептей білген. Ауа-райының ауысуын дәл табады. Алғашқы адамды «адам» деп айтатын біз ғана. Бұл да бір ерекшелік. Құрсақтағы баланың тоғыз ай, тоғыз күнде туатыны батырлар жырында айтылады. Шыны керек, бұған медицина кейін жетті. Бір жылдары дауасы жоқ делінген рахит деген аурудың емін қазақ әлдеқашан тауып қойған. «Ит тиген» деген аурудың барын бала кезімізден білеміз. Оған түрлі себеп келтіріледі. Иттен қаймығу, баланың «кәкәсін» ит жеп қойса да ауырып қалады деген сенім бар. Ауылдық жерде шешелеріміз «Ит тиген» баланы өлген иттің бас сүйегімен жуындырып, иттің өлексесінің орнына аунатып, ем-дом жасап жататын. Техногендік заманда да ұлттық құндылықтарды сақтап қалуға болады. Меніңше, әуелі, теледидарды дұрыс жолға қою керек. Мияулаған, адам ұқпайтын әндердің орнына бір уақыт Мағжанның, Мұқағалидың өлеңдерін қосып қой. Бара-бара жастардың құлағына сіңісті болады. Өзіміздің қостанайлық телеарналардың өзін көргің келмейді. Қарапайым жұрт жалығып кететін, бәлен сағаттық бағдарламалардың орнына санаға ұғынықты нәрселер жасасақ, көпті ұтамыз. Ұмытпасам, Дулат Исабековтің бір пьесасын Қазақстандағы корей театры Оңтүстік Кореяға апарып қояды. Сол пьесада мынадай көрініс бар екен: дастархан басында әйел адамға ішімдік ұсынылады. Әйел оны ұстаудан бас тартады. Осы бір секундтық эпизодқа корейлер орнынан тұрып, қол соққан. Әйелдің ішімдік ішпегеніне риза болған. Бір жағынан мән беруге тұрмайтын, ұсақ-түйек деуіңіз мүмкін. Дегенмен, қазір түсіріліп жатқан отандық фильмдерде осындай нәрселерге көңіл бөлінсе дейсің.
– Заманның жалына жармастық. Жаңа ғасыр жаңалықтарымен келді. Қазаққа ғана тән еді деп көрсетеріңіз қайсы?
– Мәрттік. Жомарттық. Сөздің қадірі кетті. Уәде ұғымының өзі жалғыз қазаққа тән сияқты. Үлкендердің аңыз-әңгімелерін көп естідік. Үйге қонақ келген кезде қолға су құйып жүрсек те, төр үйге қарай елеңдей береміз. Не әңгіме айтып жатқаны қызықты-тын. Атамыз айтатын Қосай Балта батыр туралы аңыз бар. Сары Қошқар батыр бір сапарында бейтаныс жігіттің іннен түлкі ұстап алып жатқанын көріп, байлауын сұрайды. Әлгі жігіттің түлкіні батырға байлайтын сыңайы жоқтығын танып, атымен оған жақындай түседі. Қошқардың өктемдігіне көне алмаған Қосай Балта оны аттан жұлып алып құлатады. Сонда Қошқар: «Мен Қошқар батыр едім. Ешкімге есем кеткен жоқ. Міне, саған белбеуім, саған сыйым болсын. Тек, сенен бір өтінішім бар: мені ат үстінен аударып алдым деп адам баласына айтушы болма»,- дейді. Балта батыр болса кешірім сұрап, уәдесін береді. Қошқар батыр өлерінің алдында осы оқиғаны өзі айтып, Қосай батырға бір арғымағын балаларына апарып беруін өтінеді. Міне, қазақтың уәдеге беріктігі. Осы жағдай қазір болса ше? Мұны жасырып қалмақ түгілі, «ерлігін» елге жайып, ғаламторды шулатар ма еді?! Сөзге тоқтау, сөздің қасиеті кеткені осы шығар. Менің ауылдан келгеніме үш жыл ғана болды. Кезінде ауылдың ақсақалдары айтып кеткен әңгімелерді алып қалмағанымызға қынжыламын. Тіпті түнде шырт ұйқыдан оянып кетіп, неше түрлі ойларға батасың. Ақсақалдардың айтқанын есіңе түсіргің келеді. Кейде өз-өзіңе ренжисің, кейде өзіңді жек көресің. Шариғаттан мысал келтіреді, төрелердің билігі туралы керемет дүниелерді «төгетін». Бүгін ше? Бәрі демеймін, көп шалдар бір күндік әңгімелерді айтумен шектеліп жатады. Мысалы, шөптің уақыты келген кезде шөп түсіруді, тасқын кезінде судың әңгімесін ортаға салады. Кімге керек? Мектеп оқушылары мұны қайтсін! Бұрынғының шалдары сұрамасаң да, өздері отырып, түрлі тақырыпта шолитын. Тіпті, қайталай береді. Сөйтсек, кешегісін бүгінгі күні айтатыны – жастар миына құйсын, әлденені сіңірсін дейді екен ғой.
– Атаңыз Әбәйділдә Аманкелді батырдың сарбаздарының бірі болған деп естідік. Бірде Кейкі Көкембайұлы туралы бір әңгіменің шетін шығарып едіңіз…
– Кейкі батыр Аққұмдағы атамыздың үйіне түседі. Басында келген татар тұтқыны деп айтылады. Біраз уақыт өткен соң қызылдар Торғайды аралап, жұртты қорқыту үшін оның басын көрсетіпті дейді. Кейіннен Кейкіні көргендер оның басы емес еді деген әңгімелер шығарады. Тағы уақыт өткен соң атам Әбәйділдәдан Бейімбет Майлин сұхбат алуға келген деседі. Жазушыны атамның туған інісі Кенжеғали ертіп келген. Бірақ, ол мен ештеңе білмеймін деп сұхбат бермей қойған. Бүгінгі батыр ертең жау боп шығатын заман. Елде үрей, артық ауыз әңгіме айтуға қорқатын болған ғой.
– Сіздіңше, қала қазағы қалыптасты ма?
– Шама келгенше қазақты бөле беретін болдық қой. Ауылдікі, қаланікі дедік, орыстілді және қазақтілді қазақтар деп жазып жүр. Мұның дұрыс-бұрыстығын айтатын мен емес. Орысша сөйлесе де, жаны қазақ деп тұратын азаматтар жүр ортамызда. Орыстілді қазақ деген бар болса, оны қала қазағына жатқызу дұрыс емес шығар. Нақты статистикасын білмеймін, дегенмен, соңғы 20-30 жылда жан баққан ауылдағы ағайын орталыққа қалай ағылды. Қала қазағын қалыптастыратын олардың өздері емес, немере-шөберелері болуы мүмкін. Бұлардың жігін тіл мен діл анықтап береді. Мәселен, қазақ эстрадасы деген бар, әлдебір концертте жүргізуші Қазақстан эстрадасының жұлдызы деп таныстырады. Теледидардан бокс көріп отырмыз делік. Серік Сәпиевті даңқты қазақ боксшысы деп таныстырады да, Иван Дычко шықса, атақты қазақстандық боксшы деп көрсетеді. Соған қарағанда, тегі басқаша болса, «станды» қосу керек деген ұғым бар-ау. Адами құндылықтар екі түрлі: бірі – рухани, екіншісі – материалдық. Бүгінгі күні сол материалдық құндылықтар, тұрмыстағы қажеттіліктер тым жоғары бағаланып, басты орынға көтеріліп барады. Ал, жеке адамдардың өмір мағынасынан бүтін бір қоғамның, тіпті, бүкіл ұлттың ғұмыр кешу болашағы мен маңызы құралады. Сондықтан да шығар, қарттар мен жетімдер үйінің жыл санап көбейіп бара жатқандығы.
– Мұның барлығы ұлттық сана, ішкі имани таразымен өлшенеді десек те, сіз айтқан материалдық жағы тағы бар. Осы тұста қарттар үйіне ата-аналарын апарып тастап жатқандардың барлығын дұрыс тәрбие көрмеген деп айтуға негіз бар ма?
– Әлгі айтқан қалаға келген қазақ бір бөлмелі үй жалдап тұрады делік. Қолында әйелі мен балаларынан бөлек, әке-шешесі бар. Жұмыс істейтін өзі ғана болғандықтан барлығына бірдей нан тауып бере алмауы мүмкін. Сол себепті, таңдау қандай болмақ? Балаңды балалар үйіне тапсырар ма едің? 60 мың айлықтың 40 мыңы пәтерге кетсе, қалғаны кімге азық? Кей жағдайда, әке-шешесі өздері сұранып баратын көрінеді. Қазақ үшін бұл жат ұғым, ұят әдет әрине. Ата-бабалар тар заманның өзінде мұндай келеңсіз әрекетке жол бермеген. Мүмкіндігінше қартайған шағында әке-шешені отбасының жылуынан айырмаған жөн. Тағы да сол, бірақ…бірақ… Өмір болған соң адами құндылықтармен өлшенбейтін нәрселер болады. Осындай күнделікті тұрмыстық мәселелерге байланысты «Сананы тұрмыс билейді» деген сөз бар ғой. Тұрмыс демекші, қазіргі кезде гендерлік саясаттың өзінде бір проблема бар-ау деймін. 2003 жылы Астанада жұмыс істедім. Сонда жас балалардың көбісі апа-жездесінің қолында тұрды. Аға-жеңгесімен бірге тұратын жігіттер аз болды. Соған қарағанда, тіпті, бұрын талдаудың өзі артық болған отбасындағы ер адамның рөлі деген тақырыпты бір пысықтауға болатындай. «Күшік күйеу» дегенді біле ме екен қазіргі жастар? Бұған мән бермейді деп ойлаймын. Бұл да «орекеңдерден» жұққан шығар.
– Қазақтың дамуын тежейтін екі факторды атаңызшы?
– Жемқорлық және жемқорлық.
Ой-отауда сұхбаттасқан Қасқырбай ҚОЙШЫМАНОВ
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Ерлік! Оңай емес. Марапаттарға ұсыну қажет. Диванный геройлар қарап алу керек қой, ерлік, батырлық туралы көкіместен бұрын. Сұрақтар да өткір жауаптар да ретімен. Жарайсың Даке!
Дархан агай Торгайдын мактанышы. Онын ерлиги копке улги. Жарайсыз ага.
Осы баланың Ой отау беті шын бағалы дүние. Асыға күтемін. Газет неге қысқарып қалған? Бізден бірер сөз деген еді редактор. Жағдай түзеледі ме? Дода жоқ. Тылсым оқушы ек.
Расында да окопта жата беруге болар еді))) Дархан ағамызға ризамыз. Кез келгеннің қолынн келе бермитін іс.
Бұл сұхбаттан рухани әсер алдым… Қоғамдағы көкей тесті мәселелерді жақсы саралады.Қазіргі кезде Дархан ағадай елінің қамын ойлаған ұлтжанды азаматтар көпке үлгі болса екен!
Барлықтарыңызды "Отан қорғаушылар" күнімен құттықтаймын! Еліміз – аман, жұртымыз тыныш болсын!!!
Ұмытылмас ерлікті насихаттап дәріптеген жас тілшіміз Қасқырбай ағамызға және де Қостанай таңы ұжымына алғысымыз шексіз!!!
Бұл сұхбаттан рухани әсер алдым… Қоғамдағы көкей тесті мәселелерді жақсы саралады. Қазір кезде Дархан ағадай елінің қамын ойлаған ұлтжанды азаматтар көпке үлгі болса екен.
Барлықтарыңызды: "Отан қорғаушылар" күнімен құттықтаймын! Еліміз – тыныш, жұртымыз – аман болсын!!!
Ерлікті насихаттап дәріптеген жас тілшіміз Қасқырбай ағамызға және де Қостанай таңы ұжымына алғысымыз шексіз!!!
Расымен де, айтары бар адам екен. Жас болса да, "болдым, толдым, көрдім, білдім, пістім" деген небір "ғұламалардан" да артық ой айтқан. Шынымды айтсам, "бір ғана ерлік төңірегінде не айта беруге болады?" деген сауал туындаған еді… Осы ойымның қателігіне қатты қуанып отырмын. Керемет! Келтірген дәйектері мен дәлелдері керемет!
Дархан ағайдың телефоны бар ма? Қалай хабарласуға болады. Эфирге шақырсам, келер ме екен?
Ай Красавчик Дархан! Осындай рухани нарселерді айтатын адамдар қарапайым тұрғындар арасынджа жетеді. Торғайдағы Айтбектер, Науырзымдағы Санат, Арқалықтағы Жолтай, Аманкелдідегі Жеңіс Махатов, Жаркөлдегі Мейрам әкеміз осы Дәкең сияқты қарапайым адамдар. Олар керек десеңіз Қоғабайдан артық сөз құрап, Серік Тұрғынбектен кем емес ой айта алады. Мен сенбессеңіз өздеріңіз сол кісілермен сөйлесіп, пікірлесіп көріңіздер. Мына әңгіме көпке ой салады. Анау бір жылдары Жанұзақ Аязбеков келіп, жаңа серпін әкелуге уәде берген. Бұрынғы ескі журналистер салған ізді жас жігіттер мен қыздар жалғастырса екен. Қадамдары нық.! Рахмет!
Расында да осындай ерлер арамызда. Кейбірі таңылып кейібірісі кетіп қалып жатыр. Төрт бес зекті өлтірмек түгелі қашып кетер ме ем өз басым)) Дархан баурымдыкі ерлік енді. Мақаланы толық оқыдым. Айтарым рахмет. Көп нарсе біліп қалдым.
Дархан агамыздай елимиздин батырлары коп болсын. Халык кахарманына лайык адам. Корганыста жауга ок тигизе алмай маназин толы окты тауысып герой болып жургендер коп.Олардын касында бул киси шынымен батыр. Елдин багасы кайда осындай батырларга? Текке жаза бермей корытынды шыгарсын костанай таны. Казак ели жасасын!!!
Бұл ағамыз қазір қайда істейді? Дүниетанымы сөз жоқ,жақсы. Ол үшін жазушы немесе ғалым болу міндет емес пе деп қалдым.Нағыз қазақтар осылай кеңінен ойлауы керек. Меніңше, қоғамда сыңаржақтар,атаққұмарлар көп. Жемқорлар мен жағымпаздарды қоспағанда. Қазақтар дана халық болған. Бұл кісілер сол халықтың сарқыншақтары.Осындай саналы кісілердің сұхбаты қызықты, айтары мол.
Қазақтың қарапайым ұлдарынан осындай әңгімелер шығады. Өйткендегісі, бұлар бесік тәрбиесін көрген. ӘСіресе, Торғай тәрбиесін сезінген бала. Жарайсың інім! Осындай көрінбей қалатын, тасалы еңбектерді білмей жатырмыз. Тарих өткенді еске салады. ОЙларың өткір екен. Бастан аяқ оқыдым. Кезінде ауылдың ақсақалдары айтып кеткен әңгімелерді алып қалмағанымызға мен де қынжыламын. Жиырма жыл мұғалім болсам да әжеміздің көрген білгендерін жазып алмаппын. Қаншама естеліктер қалды. Қайтару мүмкін де емес шығар.
Жарайсың, класстасым! Дархан өте сауатты , білімді, мектепте өте жақсы оқыған. Əттең , жастықпен дипломы жоқ дегені болмаса. Əтпесе нағыз журналист болатын адам деп ойлаймын .