Жолдау. Талдау. Қолдау

Елбасы Н.Назарбаевтің биылғы Жолдауын халыққа түсіндіру жұмыстары елдің түкпір-түкпірінде жалғасып жатыр. Осы мақсатта ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Автомобиль жолдары комитетінің төрағасы Мереке Пішембаев бастаған ақпараттық-түсіндіру тобы Әулиекөл және Науырзым аудандарында болды.IMG_0094
Ел өмірінің барлық салаларын қамтитын 10 бағытқа негізделген құжаттың маңдайалды идеясын түсіндіру – республикалық АТТ мүшелері іссапарының басты мақсаты. Қос аудан халқымен кездесуде топ өкілдері жолдаудың мән-маңызынан ақпарат беріп қана қойған жоқ, тұрғындардың көкейтесті сауалдарына жауап берді.
– Күн тәртібіндегі мәселе – жолдаудың жалпы мазмұнына тоқталу, біздің министрліктің осы құжат аясында атқарып жатқан жұмыстарымен таныстыру және мүмкіндігінше азаматтардың сұрақтарына жауап беру. Жалпы, бұл құжат ел дамуының басты векторы болғандықтан, елбасы жүктеген міндеттерді әр қазақстандық жұмыла жүзеге асыруы керек, – деді алғысөзінде М.Пішембаев.IMG_0077
Ол одан әрі Жолдаудағы салалық міндеттерге жекелей тоқталып өтті. Әсіресе, цифрландыру, адам капиталы, индустрияландыру сынды басым бағыттардың маңыздылығын сөз етті. Әңгіме ауаны министрлік атқарып жатқан жұмыстарға бұрылғанда, Мереке Құдайбергенұлы "Нұолы жол – болашаққа бастар жол" бағдарламасы аясында іске асқан, көзделіп отырған жоспарлардан мәлімет бере өтті.
– Жол құрылысы – ел тіршілігінің ең басты көрсеткіші. Елбасы тапсырмасы бойынша бұл мәселе өз шешімін тауып келеді. Айталық, биыл республикалық маңыздағы 7 дәлізді жөндеу міндеті бар. Сіздердің облысқа қатысты айтар болсақ, Қостанай-Қарабұтақ тасжолының жұмыстары бітеді, сондай-ақ, Денисов-Ливанов жолының 150 шақырымына күрделі жөндеу жүргізіледі, Федоров, Ұзынкөл, Сарыкөл аудандарының жолдары да қалыпқа келеді. Транспорттық инфрақұрылымға да министрлік тарапынан көңіл бөлініп отыр, – деді ол.IMG_0083
Комитет төрағасына өз кезегінде әулиекөлдіктер көкейдегі сауалдарын жолдады.
– Реті келіп тұрған соң сізбен бөлісейін дегенім – біздің аудандағы жол мәселесі, – деді өзін Қабылбек Нұрмұхамедов деп таныстырған ақсақал. – Лаврентьев пен Первомай ауылдарын жалғап жатқан жолдың жөнделмегеніне қанша жыл болғаны есте жоқ. Шаруашылығы дамып, кәсібі алға басып жатқан бұл елді мекендердің "бас ауруы" осы болып тұр. Қашықтығы – небәрі 27 шақырым. Осы жолды, ең болмаса, орта деңгейлі жөндеуден өткізіп берсеңіз екен.IMG_0090
– Бұл жол туралы мәлімет жинап беруді тиісті тұлғаларға тапсырайын. Содан кейін барып көмек қолын созуға болады, – деп жауап берді М.Пішембаев. – Мен осы кездесуге дейін облыс әкімі Архимед Мұхамбетовпен кездестім. Ол елді мекендердегі осы мәселенің шешімі үшін 9 млн теңге сұрап отыр. Меніңше, шешімін табуға болатын түйткілдер. Қолдан келгенше көмектесеміз.IMG_0070
Тұрғындар мейманға әлеуметтік салаға қатысты, мұғалімдер жалақысы, зейнеткерлік жасы және уақыт белдеуіне байланысты көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. "Электр энергиясы төлемінің қымбаттығы жөнінен тізім бастайтын облыспыз" деп уәж айтқандар да табылды. Олар осы сауалдарды депутаттарға жеткізсеңіз екен деген өтініштерін айтты.IMG_0099
Науырзым ауданындағы кездесу де Жолдауды талқылаудан басталып, ізінше әңгіме өзегіне жол-қатынас мәселесі айналды.IMG_0136
– Жалпы, Қостанай облысына тиесілі қашықтық – 9290 шақырым. Оның халықаралық, республикалық маңыздағы бөліктерін жөндеу назардан тыс қалып көрген емес. Жолдарды жөндеу және қалпын сақтауға биыл 20 млрд теңге бөлініп отыр. Бұл былтырғыдан 2 есеге көп. 200 шақырым жол салқын ресайклинг тәсілімен жөнделмек. Оның сыртында, Қостанай-Челябі жолын кеңейту қолға алынады. Мұны Азия банкі мен республикалық бюджет қаржыландырғалы отыр, – деп деректер келтірді АТТ жетекшісі.IMG_0121
М.Пішембаев бүгінгі жұмыс сапары барысында жөнделуі керек күре жолдар қатарын көбейту керектігін түсінгенін айтты. 2-3 жылда Раздольный жолына ден қойылады деп, тұрғындарды бір қуантып қойды. Аудан тұрғындары да жол мәселесі жөнге келсе, ел әлеуеті артар еді, инвестициялық тартымдылық өсер еді деп үміттерін үкілеп отыр. Олар әсіресе Буревестник, Раздольный, Өлеңді жолдары таяу келешекте жөнделеді дегенге сенеді.IMG_0144
– Облыстағы басқа аудандарға қарағанда біздің жолымыз болып отыр. Өйткені АТТ мүшелерінің іссапары Әулиекөл, Науырзым аудандарынан басталды. Жергілікті мәселелердің шешілуіне мүмкіндік алғандаймыз, – деп кездесуді қорытындылады Науырзым ауданының әкімі Талғатбек Дайыров. – Жалпы, барлығын болмаса да, жергілікті бюджет қаржысы есебінен өз жолдарымызды жөндейін деп отырмыз. Оған 332 млн теңге қарастырылып қойылды. Бұл – бұрын-соңды бөлініп отырған ауқымды сома.
Жиын қорытындысында АТТ мүшелері жергілікті билік өкілдері мен азаматтарға екпінді еңбек арқылы толайым табыстарға жетуді тіледі.
 
Суретті түсірген Бердіболат Көркембаев   
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓