Мақала – маңызды құжат
Н.Ахметбеков атындағы мәдениет үйінде Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаевтың “Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру” атты мақаласын талдап, оның түсіндіріп, кеңінен насихаттау үшін Торғай ауылының әкімі Ғабит Сүндетбаев жергілікті тұрғындардың басын қосып жиын өткізді. Сондай – ақ, бұл жиынға “Нұр Отан” партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Рауыл Ахметжанов, аудандық ардегерлер кеңесінің төрағасы Қарсақбай Бірмағанбетов қатысты.
Торғай ауылының әкімі Ғабит Көдебайұлы аталмыш мақаланың маңызын және келешекте ұлттық құндылығымыздың нышанына айналатындығын айта келіп, әр сөзін жүйелі түрде жеткізді.
-Жаһандану үрдісінен не қалыс қалу, не қатты шауып кетудің де өз қауіп-қатерлері барын, оның бәріне байыпты прагматикалық көзқараспен реалистік тұрғыда қарау қажеттігін Елбасы өз мақаласында дәйекті деректермен, мысалдармен нақтылай түсінік берді. Жүргізіліп жатқан саяси реформалар мен экономикалық жаңғыртулар түпкі нәтижесінде біздің ғұмыр кешіп отырған қоғамымыздың өркениет көшінен қалмауға,үнемі даму жолы ғана армандаған жетістіктерге жеткізетінін атап көрсетті. Талайдың ойында жүргенмен, кежегеміз кері тартып айтпай, ашылып талқыламай, таптаурын қалыптасқан ескі сүрлеумен жүріп, заманауи жаңа талаптардан алыс қалып қоятынымыздың өте қауіпті екенін ескертеді. Мақаланы, менімше, құр оқып қоя салу жеткіліксіз, оны ойлы қазақты оятатын данагөйлердің дана сөздеріндей өзіміз жете түсініп, өзгелерге жеткізе білетіндей дәрежеде талдай білуіміз керек, – деді Торғай ауылының әкімі.
Жергілікті жұртшлықы маңызы зор мақала мемлекетіміздің қарыштап дамуына мол септігі тиетіндігін жақсы түсінді. Түсініп қана қоймай онда айтылған әр сөздің астарында ел экономикасын өркендететін тетік бар екендігін ұғынды. Сонымен қатар бес саусақтай бірігіп қолдайтындықтарын айтып, сенім білдірді.
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ
Жанкелдин ауданы