Заманалардың ой-кемесі
Абай атамыз «Артық ғылым кітапта, Ерінбей оқып көруге» деп бекер айтпаған болар. Сондықтан да бүгінде оқушы балаларымыз, студент жастарымыз кітап оқымайды деген бос сөз секілді. Неге десеңіз, ол сөзімізге дәлел ретінде облысымыздағы Назарбаев зияткерлік мектебінде өткен «Кітапты әлем бағындырады» атты акция жобаны айтуға болады. Акция барысында оқушылар бір-біріне қалаған кітаптарын сыйлады. Кейбір кітаптардың сырты ораулы да болды. Оқушылардың қолындағы кейбір кітап авторларын, мысалы, Достаевскийді, Жюль Вернді, Мақатаевты көзіміз шалды. Оқушылардың көбісі кітаптан көп үйренесің, білім-ғылым осы кітаптарда емес пе дейді.
-Осы жоба аясында оқушыларды, мұғалімдер мен қызметкерлерді қатыстыру арқылы қоғамда оқырмандарды кітап оқуға тарту, қызықтыру, болашақ жастарымыздың бойында рухани мәдениетті дамыту, шығармашыл тұлға қалыптастыру. Жалпы мектеп бойынша акция-жобамызға бес жүзден астам адам қатысып отыр. Жоба барысында ең алдымен ұжым, оқушылар арасында сауалнама өткіздік. Ол сауалнама арқылы оқушыларымыздың, мұғалімдеріміздің қандай әдеби шығарма яғни қандай автордың кітабын оқығысы келетіндіктерін, қандай шығармалар, жанр қызықтыратындықтарын білгіміз келді. Олар сауалнаманы толтырып кітапханамызға өткізді. Сауалнаманы саралай отырып, онда көрсетілген кітаптарды қарастырдық, кандай кітап оқығысы келетіндіктерін анықтадық. Кітапханамызда жоғын байланысқа шығып өзге кітапханадан, ғаламтор арқылы іздестірдік.
– Көбісі шетел, орыс, қазақ классиктерінің шығармалары, ағылшын тіліндегі көркем әдебиеттер, бизнес, заман ағымындағы бестселлерлер, ұлы тұлғалар, мемлекет басшылары туралы сонымен бірге Абай атамыздың, М.Жұмабаев, Т.Айбергенов, М.Мақатаев сынды ақындарымыздың шығармалары мен басқа да ақын-жазушыларымыздың кітаптары сұранысқа ие болды, – деді Назарбаев зияткерлік мектебінің аға педагог кітапханашысы Айжан Рахымбекова.
Гүлназым САҒИТОВА