Тимирязевтегі Мәуліт тойы

Сарыкөл ауданы Тимирязев ауылында Алла елшісі, адамзаттың асылы Мұхаммед (с.ғ.с) Пайғамбардың туған айы – Мәуліт мерекесі өз деңгейінде аталып өтілді.IMG_2050
Алдымен, ауданымыздың бас имамы Дәулетбай қажы Әбдіхалық сөз алып, Пайғамбарымыздың (с.ғ.с.) өнегелі өмір жолын, оның дүниеге келуімен адамзат баласының арайлы таңы атып, қараңғылықтың пердесі серпіліп, надандықтың көбесі сөгілгендігін және Мәуліт мерекесінің Хақ Елшісіне деген ерекше сүйіспеншіліктен туындағаны туралы тілге тиек етті. Сондай-ақ, жиналған жамағатты Мәуліт мерекесімен құттықтап, осы Мәуліттің бағдарламасын ұйымдастыруға мұрындық болған Чехов орта мектебінің мұғалімі Арайлым Шаяхметоваға Алғыс хат табыстады.
Бұдан кейін ауыл әкімі Есқожа Қалиев құттықтау сөз сөйлеп, жүрекжарды лебізін жеткізді.IMG_2041
Аталған шараға Чехов орта мектебінің мұғалімдері мен оқушылары қатысты. Олар салауат айтты. Теріс ағымның алдын алу мақсатында көрініс қойды. Талантты мұғалімдер мен талапты оқушылардың өнерін тамашалаған көпшілік дән риза болды.
Мәуліт кеші аяқталар сәтте чеховтық ақсақал Нығмет Айсин мен тимирязевтік әжей Сабира Саимова оған қатысқан мұғалімдер мен оқушыларға алғыстарын айтып, ақ баталарын берді.
Мәулітке арналған бағдарлама соңы асқа ұласып, құран оқылды. Бас имам Дәулетбай қажы Әбдіхалық уағыз айтты. Тимирязев ауылы «Омар ата» мешітінің имамы Айбек Ахметжанов пен Омар ата ұрпағы Амангелді Омаровтар сөз сөйледі.IMG_2056
Айта кеткен жөн, аудан бойынша Мәуліт мерекесі осымен биылдыққа үшінші рет ұйымдастырылып отыр. Осының алдында аудан орталығында және Чехов ауылында өткен болатын.
 
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓