Су басқан ауылдарды аралады (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Биылғы су тасқыны Тобыл-Торғай өңірін айналып өтпеді. Қыс аяғында әзірленіп, қарғын суға қарсы тұруға қанша бекінгенмен, табиғат өз дегенінен жаңылмады. Қостанай облысында бірнеше ауылдарды су басып, бөгеттер бұзылып, тұрғындар зардап шекті. Бүгіндері бұл аудандарда тасқынның салдарын жою, баспаналарды қалыпқа келтіру жұмыстары қолға алынды.

Мәселен, Қарасу ауданындағы Жамбыл, Зеленов ауылдарын түгелдей су басып, тұрғындары әбден әбігерге түскен. Қызылсудың құрсауында қалып, дүние-мүлкі бүлінген ауыл тұрғындарымен облыс әкімі Архимед Мұхамбетов кездесті.








-Бұл бәріміздің басымызға түскен қайғы. Топан судан мен аман екенмін деп отыру жарамас. Сондықтан ауыл болып, ел болып бірігейік. Осы жерде отырған әріптестерімді көмек қолын созуға шақырамын,-дейді ол.
Бұдан соң облыс әкімі әр ауланы, әр үйді жеке-жеке қарап шықты. Ол тұрғындарға алаңдауға еш себеп жоқ, бәрін қалпына келтіреміз деп уәде етті. Зеленов ауылындағы тасқын ысырып әкеткен көпір қайта жасалып жатыр. Бұл – ауыл ішін жалғап тұратын жалғыз жол. Ептеп еңсе көтеріп жатқанын көріп, ауыл азаматтары өз алғыстарын айтты. Бұдан бөлек, қиын сәтте көмекке келіп, қауіптен құтқарған ТЖ қызметкерлеріне ризашылықтарын білдірді.


Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген автор.