Жануарлар панажайы ашылды

Рудныйда үй жануарларын уақытша ұстау орны пайда болды. Бұл оқиғаны зооволонтерлар мен қаланың жанашыр тұрғындары көптен күткен еді.
Панажай «Рудный су арнасы» ЖШС аумағында орналасқан. Мұнда 8 вольер бар. Қазірдің өзінде иттер мен күшіктер паналап жатыр. Бұл жерде екі жылы стационарлық бөлім жұмыс істейді. Бірінде жануарларды стерильдеу отасы жүргізілсе, екіншісінде олардың операциядан кейін айығып кетуіне жағдай жасалады. Барлық ит күркелеріне жылу жүйесі жүргізілген. Таяуда панажай іргесі тағы 10 вольермен кеңейе түспек. Бір мезетте ұзын саны жүз жануарды қабылдауға мүмкіндік болмақ.
Демеушілер – «ССКӨБ» АҚ, «Ахметов», «Сүйікті қала», «Машков» жеке шаруашылықтары және «Рудныйсоколовқұрылыс» АҚ аумақты абаттандыруға, қажетті құрал-саймандар мен құрылғылар сатып алуға жәрдемдескен.
«Әзірге қала әкімдігі жергілікті бизнес өкілдерімен бірлесіп, панажайға көмектеседі. Ал облыстық ветеринария басқармасы жануарларды стерильдеу, чиптеу және вакицналау шығындарын көтеретін болады», – дейді «Бірге көмектесейік» ҚБ өкілдері.
Сондай-ақ, аталған бірлестік пен қала әкімдігі арасында жануарларды қорғау мәселесі тұрғысында қызметтес болу меморандумы жасалды. Қоғамдық бірлестікке қызметтік көлік те берілді. Қосымша екі қоғамдық жұмысшы көмекке жіберілетін болады. Еріктілер демеушілерге алғыстарын жаудырып отыр. Олар болашақта панажай қызметіне қайырымды қала тұрғындары да қолдау көрсетер деген үмітте. 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓