Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Торғай өңіріне жасаған көктемгі іссапарын Аманкелді ауданынан бастады. Облыс басшысы аудан орталығындағы Әнуар Боранбаев атындағы орта мектеп пен интернатты аралап көрді. Алдымен, екіқабатты мектеп ішін мұқият аралап шығып, қалыптасып отырған жағдаймен жан-жақты танысты. Педагогикалық ұжыммен пікірлесті. Мектептің қазіргі таңда атқарып отырған жұмысы туралы оның директоры Бағдат Төлегенов әңгімелеп берді.
Өңір басшысы мектептің бастауыш сынып оқушыларымен кездесіп, әңгімелесті. Оларға әр алуан сұрақтар қойып, сұхбаттасты. Мұнан соң Ә.Боранбаев музейін аралап көрді. Қазақстанның халық әртісі Әнуар Боранбайұлы өмірінің әр қырын бейнелейтін алуан түрлі суреттерді және ол тұтынған актерлық костюмдерді тамашалады. Сол сияқты, ол туралы жазылған кітаптармен танысты.
А.Мұхамбетов келесі кезекте мектептің жанындағы интернатта болып, оны да аралап, көрді. Бұл мектепке келесі жылы күрделі жөндеу жүргізілетінін айтты. Себебі, 2018 жылы Ә.Боранбаевтың туғанына 70 жыл толмақ. Міне, осы мерейтой қарсаңында оның атындағы орта мектеп пен интернатқа жүргізілетін күрделі жөндеу жұмыстарына оның інілері көмектесуге бастама көтергенін баян етті. Облыс басшылығы бұл ұсынысты құп алған.Архимед Бегежанұлы Ә.Боранбаев атындағы орта мектеп пен интернатты аралап, көргеннен кейін жүргізілетін күрделі жөндеуге байланысты өзінің ой-пікірлерімен бөлісті. Аудан әкімі Нұржан Өтегеновке және облыстық білім беру басқармасының басшысы Бәтима Даумоваға тиісті тапсырмалар берді.
Облыс басшысы Аманкелді ауданына арналған іс-сапарын келесі күні жалғастырды. Халқымыздың даңқты батыры Кейкі Көкембаевтың басының салтанатты жерленуіне байланысты белгіленген жерді тағы бір мәрте көріп шықты. Содан соң Амантоғай ауылдық округінің орталығындағы клубта аудан активін өткізді. Халық батыры К.Көкембаевтың басын салтанатты түрде жерлеуге байланысты атқарылатын жұмыстар туралы Аманкелді ауданының әкімі Н.Өтегенов баяндама жасап, жүргізілетін жұмыстарды рет-ретімен баяндады. Батырдың басы жерленетін жер телімі рәсімделген. Жерлеу жұмыстарын жүргізу арнайы жол картасында жасалған. Мамыр айында кесене тұрғызудың жобасы жасалып бітіп, оны орнату басталады. Оған дейін Л.Гумилев атындағы Евразия Ұлттық Университетінің археологтары Кейкі батыр алғаш жерленген Жалаулы сайының маңында тиісті іздестіру, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Егер батырдың сүйегі табылатын болса, ол арнайы зерттеу орындарына жіберіліп, тексеріліп, анықталып барып, онда сүйек батырдың басымен бірге жерленетін болады, табылмаса басы жерленеді. Сонымен қатар, алдағы уақытта Ұлытаудағы «Кейкі үңгіріне» белгі қойылатын болады.
Осы тарихи оқиғаға байланысты Амантоғай және Жалдама ауылдарындағы үйіліп қалған түрлі қалдық заттар мен қоқыстарды тазартуға ашық-тесік тұрған қолайсыз ғимараттарды бұзып, тиісті полигонға апарып төгуге 30 миллион теңге қаржы қаралған. Мемлекеттік сатып алу жөніндегі тендер жарияланған. Ол 15 сәуір күні аяқталады. Бөлінген қаржы Амантоғай және Жалдама ауылдарын көп жылдан бері басып қалған күл-қоқыстардан тазартуға толық жететіні нақтыланды. Ауылдарды абаттандыру, көгалдандыру жұмыстары да жүргізіледі.
Еліміздің Тәуелсіздігі мен Азаттығы жолында ерліктің ерен үлгісін көрсеткен батырдың кесенесін орнатқаннан кейін оны көруге еліміздің әр тарапынан қонақтар келетіні белгілі. Осыған байланысты аймақ орталығы Арқалықта ғылыми теориялық конференция өтеді. Арнайы қойылым көрсетіледі.
Облыс әкімі А.Б.Мұхамбетов:
-
Кейкі батыр жерленетін жер – болашақта қасиетті орындардың біріне айналары анық. Сондықтан, ол жерді күтіп ұстаудың да түрлі жолдары қарастырылуы керек! – деді.
Актив жиналысында облыс басшысы өзінің Торғай аймағында мал шаруашылығын дамытумен оның өнімдерін заманауи талаптарға сай өндіріп, өркендетуге байланысты тың шешім қабылдап отырғанын мәлімдеді. Бұл шешім – осы Амантоғай ауылының жанынан Арқалық, Аманкелді, Жанкелдин, Науырзым аудандары үшін мал соятын жаңа комбинат ашу. Себебі Амантоғай – тоғыз жолдын торабында тұр! Ол Арқалыққа да, Торғай мен Аманкелдіге де, Науырзымға да тең ортада орналасқан. Аталған аудандар үшін өте қолайлы. Бұл төрт ауданды қоса есептегенде 100 000 бастың көлемінде ірі қара мал бар. Ал жылқы мен қой-ешкінің саны бұдан да мол. Бұл аудандар негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Алайда, темір жол қатынасы жоқ. Қостанай қашық. Сондықтан, осындай ет комбинаты ашылса, бұл аудандардың болашағы берекелі болмақ. Өйткені комбинат – ет және ет өнімдерін шығарумен қатар, сол малдардың терісін де, сүйектерін де халықтың тұрмысына лайықтап кәдеге асыратын болады. Яғни, төрт түліктен ешқандай қалдық қалмайды.
А.Б.Мұхамбетов Аманкелді ауданында бидай егудің әлі 96 пайыз болып отырғаны, алдағы уақытта оны 70 пайыз көлемінде қалдырып, майлы дақылдар немесе арпа және мал азығындық екпе шөп өндіруді көбейтуді міндет етіп қойды.
Облыс басшысы Арқалық-Торғай тас жолын салуды одан әрі жалғастыруға байланысты да өзінің шешім жасағанын айтып өтті. Алдағы уақытта облыстық бюджеттен 1 миллиард теңге қаржы бөліп, құрылысы тоқтап тұрған бұл жолды салу шешілетінін мәлімдеді. Бұл жаңалықты активке қатысқан Аманкелді ауданы және Арқалық қаласының активі қуанышпен қарсы алды. А.Б.Мұхамбетов егер осы комбинат жұмысқа қосылса, 200 жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік бар екенін мәлімдеді. Сонымен қатар, биылғы жылы Амантоғай ауылдық округіне ауыз су құбырын тартуға 334 миллион теңге бөлініп отырғанын, ал келесі жылы бұл жұмыстың аяқталатынын айтты. Жалпы, су құбырын тартуға 585 миллион теңге қаржы бөлініп отыр.
Облыс әкімі батыр атындағы ауданның жетістіктеріне ризалығын білдіре келе, алдағы уақытта кәсіпкерлікті одан әрі дамытуға байланысты басты міндеттерді саралап көрсетті. Сонымен қатар «Алтын асық», «Құлан» және басқа да бағдарламаларды орындауда тың міндеттер тұрғанын атап көрсетті.
Амантоғай ауылы тұрғындары атынан сөз алған кәсіпкер Д.Ильясов бұл жаңалықтарға өздерінің риза болып отырғанынайтты. Ол сонымен қатар Амантоғай және Жалдама ауылдарын күл-қоқыстан тазартып, абаттандыруға жеке өзінің шаруа қожалығы тарапынан көмек болатынын мәлімдеді және амантоғайлықтарды облыс әкімі алға қойып отырған жаңалықты істерді жүзеге асыруға ат салысуға шақырды.
Актив жұмысын қорытындылаған облыс әкімі А.Б.Мұхамбетов аудан әкімінің жұмысына жоғары баға беріп, алдағы уақытта биылғы жылға белгіленіп отырған жоспарларды орындауға халықты жұдырықтай жұмылдырып, нәтижелі іс жасауына сенім білдірді.
Ия, аманкелділіктер үшін биылғы жыл да – айтулы жыл болғалы тұр. Батыр елі былтырғы жылы ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығын зор ұйымшылдықпен жоғары деңгейде атап өтсе, енді сол көтерілістің ғажайып қаһарманы, көзсіз батыр Кейкі Көкембаевтың бас сүйегін жерлеуді де сәтті ұйымдастырып, соған байланысты жүргізілетін іс-шараларды ойдағыдай атқаратынына сенім мол. Бұл оқиға аманкелділіктерге жасымас жігер, қажымас қайрат, бекем бірлік, асқақ рух сыйлап отыр. Қазір әрбір аманкелділік биылғы жылды еңбек өрлеуімен атап өтуге құлшына кіріскен.
Облыс әкімі Аманкелді ауданында болғанда онымен бірге орынбасары Марат Жүндібаев және облыстық бірқатар мекемелердің басшылары бірге болды.
Хамитбек МҰСАБАЕВ
Барекелди, тилектеспин!