Облыс басшысы оңтүстік аудандарда болды

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетовтың Аманкелді ауданынан бастау алған іссапары Жанкелдин ауданында жалғасты.
Аймақ басшысы, алдымен, 2015 жылы күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген су бөгетінің жәй-күйімен танысып, көктемгі су тасқынының алдын алу мақсатында жасалып жатқан бірқатар сақтық шаралардан хабардар болды. IMG_6391Одан кейін “Топжарған” спорт кешеніндегі жаңадан пайдалануға берілген күрес залына соғып, сапалы жасалған құрылысына көңілі толғандығын білдірді. Сондай-ақ, жаз айларында спорттық шаралар өтетін кешеннің алаңдарына жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін осы бастан сметалық құжаттарын дайындауды тапсырды. Аудан орталығындағы нысандарды аралап болғаннан кейін әкімдіктің кіші мәжіліс залында зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, жиын өткізді. IMG_6405Аудан әкімінің міндетін атқарушы Шота Оспанов үстіміздегі жылдың үш айында атқарылған ауқымды  жұмыстардың легін егжей-тегжейлі баяндады. Баяндама барысында  Мемлекет басшысының биылғы жылғы Қазақстан халқына арнаған дәстүрлі Жолдауындағы негізгі басымдыққа тоқтала отырып, осы бағытта жоспарлы түрде нәтижелі жұмыстар өз жалғасын тауып жатқандығын айтты. Аудан көлеміндегі мал шаруашылығын дамытуға мемлекет тарапынан беріліп отырған несиенің зор мүмкіндігі мен тиімділігін ауыл, ауылдық округтердегі әрбір тұрғындарға жетелі түсінік беріп жатқан аудан әкімдігінің жанынан құрылған ақпараттық-насихаттық топтың жұмысына тоқталды. Осының нәтижесінде “Алтын асық”, “Құлан”, “Сыбаға” сынды мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға өтініш берген адамдардың қатары күн санап көбейіп келеді. Аралбай ауылы мен Ақшығанақ ауылдық округіне тұщы су қондырғысы орнатылып, жергілікті тұрғындарды ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі де қамтылды.IMG_6403Жанкелдин ауданының құрметті азаматы Кәкімжан Карбозов облыстың оңтүстігіндегі өңірлерді аралап, ондағы қарапайым халықтың хал-ахуалымен танысу үшін арнайы келген облыс басшысына елдің атынан алғыс білдірді. Сонымен қатар,  жайқалған егіні, өміршең өндірістік орындары болмаса да ата-баба кәсібін жалғастырып, мал шаруашылығымен айналысып отырған елге “Кооператив”  құру тиімділігін қолдай келе аудан орталығынан  сүт және ет қабылдайтын орындар ашылуына септігіңіз тисе деген ұсынысын жеткізді. IMG_6420Кезінде ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына сүбелі үлес қосқан еңбек ардагері Рақым Рыскелдин ойын ортаға салып, парасатты пікірімен бөлісті. Облыс әкімі алғаш ауданымызға келгенде тарихтан ойып орын алатын хас батыр Тархан Жәнібектің құрметіне облыс орталығынан бір ескерткіш орнатылса деп ұсыныс айтқан осы Рақым ақсақал болатын. Міне, енді қарттың тілегі орындалатын күнде алыс емес. Сол себепті ол облыс әкіміне шексіз ризашылығын білдіріп, ел игілігі үшін жасап жатқан абыройлы еңбегіне табыс тіледі.
Жиынды қорытындылаған облыс басшысы Архимед Бегежанұлы аудан әкімінің міндетін атқарушы Шота Сәбитбекұлы мен сала басшыларына алда атқарылатын жұмыстарға жауапкершілікпен қарауды және жастарды жұмысқа орналастыру мәселесіне атүсті қарамауды міндеттеді. Медицина саласына жетіспейтін қажетті мамандарды даярлап, оларға аудан, облыс тарапынан қолдау көрсетілетіндігін нық сеніммен айтты. “Береке”, “Ырыс”, “Бірлік” бағдарламаларын уақытылы орындап, жүз пайызға жеткізуді тапсырды.
 
Байбатыр АХМЕТБЕКОВ

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓