Жас дарындар жетістігі

Жақында Астана қаласында өткен III Халықаралық «ГРАЦИЯ» атты балалар мен жасөспірімдер және ересектер байқау-фестивальіне жерлестеріміз де барып, бақ сынап қайтқан болатын.Әсем Өтенова
«LUCKY PEOPLE» Халықаралық өнер және спорт ассоциациясы мен «Звезды Евразии» Халықаралық шығармашылық жобасы ұйымдастырған жарыста Сарыкөл аудандық өнер мектебінің тәрбиеленушілері облыс намысын қорғады. Нәтижесінде, Нурикамал Жанзақова (аспаптық жанр номинациясы) жүлделі I орынды жеңіп алды. Ал, Аяулым Кущугулова мен Асем Өтенова (хореография, классикалық би номинациясы) II орынды иеленсе, ең кішкентай үміткер Айзада Еркін (эстрадалық вокал) II орынды еншіледі.Аяулым Кущугулова
Дәл осындай талантты, шығармашыл балаларды тәрбиелеуге және елдің мәдени ұрпағын дамытуға қосқан қомақты үлестері үшін Әсел Сұлтанова, Зина Кенган, Салтанат Өтенова және Дамир Сагалов сынды мектеп тәлімгерлері ұйымдастыру тарапынан арнайы дипломдармен марапатталды.
Жалпы, өңірде өнердің басты ордасына айналған Өнер мектебіне – 46 жыл. Қарашаңырақтың ыстығы мен суығына төзіп, ашылғаннан бастап басы-қасында жүрген бүгінгі күнге дейінгі директоры Гүлмарат Айғұлақованы әңгімеге тартқан едік. Оның айтуынша, бүгінде мектепте 20 тәлімгер бар, оның 15-і – жоғары білімді мамандар. Гүлмарат Айғұлақова
-Біздің мектебіміздің атынан халықаралық жарысқа 4 мұғалім 4 шәкірт дайындап апарды. Өздеріңіз көріп, естіп отырғандай, нәтижесі жаман болған жоқ. Жалпы, Әсел Серікқызы – біздің шәкіртіміз, өте талантты жан. Бүгінде өзі меңгеруші, өзі тәлімгер және орындаушы. Ал, Зина Кенган біздің мектепке халықаралық дәрежедегі алғашқы атақты алып берді. Сондай талапшыл, ізденімпаз. Үйренемін деушілерге үйрете білетін қабылеті зор. Сондай-ақ, Салтанат Өтенова да ерекше қабілетке ие әрі еңбекқор. Осы оқу жылы келген Дамир Сагалов та болашағынан зор үміт күттіретін жас маманның бірі, – дейді Гүлмарат Жүсіпқызы.
 
Руслан ӘЛКЕЕВ
Сарыкөл ауданы.

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓