Әкім ораза айтпен құттықтады
Рамазан – құлшылық пен сабыр, береке мен бiрлiк, мейiрiм мен қайырымдылық айы болса, осы қасиетті айдың аяқталғанын айғақтайтын Ораза айт мейрамы – жер бетіндегі барша мұсылман қауымы үшін ең қасиетті ұлық мерекелердің бірі. Сондықтан, отыз күн ораза тұтқан мұсылман жамағаты қасиетті ораза айт мейрамын да ерекше ықыласпен қарсы алады.

-Қадірменді жамағат, бүгін міне, барша мұсылман баласы үшiн қасиеттi саналатын Рамазан айы аяқталып, ораза айты басталды. Отыз күн ішінде ораза тұтып, Аллаға құлшылық етіп, тілеген тілектеріңіз қабыл болсын. Қасиетті ораза айт мерекесі баршамыз үшін құтты болсын, елімізде бейбітшілік пен татулық орнап, халқымыз, Елбасымыз аман болсын! Баршаңыздың отбастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін, – деді облыс әкімі Н.Садуақасов.
Облыстың бас имамы А.Түсіпбек те айт мерекесіне жиналған жамағатты құттықтап, өзінің ыстық лебізін білдіргені үшін облыс әкіміне ризашылығын білдіріп, өңіріміздің өркендеуі жолында жасап жатқан қызметіне табыс тіледі.
Қарлығаш Оспанова
Суретті түсірген Айбек Жүзбай