Қызметтестің қылмысқа қатысы бар
Қостанай қаласының №2 соты 2 наурызда ұсталған Қостанай облысының психиатриялық ауруханасының бөлім меңгерушісі Зауреш Изалдинаны тұтқындау туралы санкция шығарды, деп хабарлайды "Наш Костанай". Ол әріптесін, жоғары категориялы дәрігер Рашида Сандыбаеваны өлтірді, кісі өлтіру қылмысын ұйымдастырды деген күдікке ілінді. Одан бөлек ол тонау қылмысын да ұйымдастырған болуы мүмкін.
Басылымның жазуынша, 17 ақпан күні Рашида Сандыбаева мен Зауреш Изалдина сөзге келіп қалған, оған біраз адам куә болған. Изалдина – психиатриялық аурухананың ерлер бөлімінің меңгерушісі. Бір кездері бас дәрігердің орынбасары болған, кейін жұмысынын кілтипан шығып, лауазымынан түскен. Ал Рашида Сандыбаева екеуінің арасында өшпенділік орнағанына біраз уақыт болған.
Сот Зауреш Изалдинаны 2 айға тұтқындау туралы санкция қабылдады.
Еске сала кетейік, 20 ақпан күні екі бөлмелі пәтерінде облыстық психиатриялық сараптау бөлімінің бұрынғы бас дәрігері Рашида Сандыбаева асқан қанішерлікпен өлтірілді. Ресми мәлімет бойынша, оның денесінен 30-дан аса пышақ ізі табылған. Ал туысқандарының айтуынша жарақат саны одан да көп болған.