Тұқым себетін заманауи құрылғы
«ESSIL» маркалы астық жинайтын комбайндарды шығарушы "АгромашХолдинг" АҚ заманауи тұқым себетін құрал шығара бастады, деп хабарлады «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі. Қостанайлық машина жасаушылар осылайша бұрын «СЗУ-21» аталған тұқым сепкіш құрал өндірісін жаңғыртты, жетілдірілген нұсқасы «Алтын дән» деп аталады. Тұқым сепкішті шығаруды кәсіпорын 2009 жылы бастаған. Соңғы үш жылда зауытты қайта жөндеу садарынан оны шығару тоқтатылған. Енді өндірісті жаңарту туралы шешім қабылданды.
«Қазіргі нұсқада алдыңғы күпшек пен айырды нығайттық, бұл конструкцияның беріктігін арттыра түсті, – деді өндірістік басқарма бастығы Виктор Борисов. – Металл қалыңдатылды, рамасы нығайтылды. Еңбек қауіпсіздігін арттыру үшін біреудің орнына екі баспалдақ орнаттық».
60 пайыз қажетті саймандар «АгромашХолдинг» АҚ алаңында шығарылады. Зауытта сондай-ақ фрезерлік, ажарлағыш, қырнау жұмыстары жүзеге асырылады.