Соттан – жеңіл жаза, қызметтестерінен – қошемет
Қостанайдың № 2 қалалық сотында пара алған полицейлерге қатысты сот үкімі шықты, – деп хабарлайды "Тенгри ньюс" "Наша газета" аптлығына сілтеме жасап.
Іс материалы бойынша, 2016 жылдың 23 маусымында "Рубеж" бақылау бекетінде жол-патрульдік полициясының екі қызметкері Арман Көпжасаров, Ермек Исанов және көші-қон полициясы қызметкері Алмат Кабенов күнбағыс майы тиелген КамАЗ жүк көліктері бекетте тұрып қалмауы үшін Дмитрий Штефановтан 7 000 теңге пара алған, дәл осы күні BMW X5 көлігінде мас күйде отырған ресейлік азаматтан жүргізуші куәлігінен айырмас үшін 100 000 теңге талап еткен. Өзімен бірге мұнша сома болмаған жүргізуші параны сол күні Қостанайдағы ағасы арқылы берген.
Пара берген екі адам да бір аптадан кейін антикоррупция қызметіне ақша бопсалау бойынша арыз түсірген. Дегенмен агенттік өкілдері пара алу дерегі туралы жасырын тергеу әрекеттері арқылы арыз түскенге дейін білген.
Сот айыпталушылардың бұрын сотталмағанын және отбасылары барын есепке ала отырып, айыпталушыларға айыппұл түрінде жаза тағайындады. Осылайша Алмат Кабенов мүлкі тәркілене отырып, 7 миллион теңге айыппұл төлеуі керек. Дегенмен оның 5 шілдеден бері қамауда отырғаны ескеріліп, айыппұл көлемі 5 099 000 теңгеге дейін азайтылды.
Осы себепті Ермек Исанов 7 490 000 теңге орнына 5 589 584 теңге, ал үй қамағында отырған Арман Көпжасаровқа 7 490 000 теңге айыппұл салынды. Айыпталушылардың отбасы айыппұлдың негізгі көлемін мемлекет пайдасына төлеп те қойған. Айта кетейік, Сот үкімін тыңдауға келген құқық қорғау органдарының қызметкерлері сот залына сыймай қалды. Полицейлер мұндай қылмыстардың алдын алу үшін шақырылған болатын. Дегенмен, сот үкімі шыққан кезде кері әсер болды. Бұрынғы әріптестеріне тілектестік білдірген полицейлер ешкімнің түрмеге жабылмайтынын естігенде бұл шешімді қошеметпен қарсы алған.