Депутаттар отандық автомобильдерге жақсы баға берді
Бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары – А.Нұркина, А.Құрманова, С.Бычкова, С.Симонов, А.Базарбаев жұмыс сапарымен Қостанай облысына келді.
Депутаттар жұмыс сапары аясында бірқатар еңбек ұжымдарымен кездесіп, мемлекет басшысының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының негізгі ережелерін түсіндірді. Халық қалаулылары алдымен «СарыарқаАвтоПром» ЖШС жұмысымен танысты. Депуттар кәсіпорында құрастырылатын JAC автомобиліне мініп көріп, жақсы бағасын берді. Сондай-ақ, еңбек ұжымымен жүздесіп, Елбасының биылғы жылғы Жолдауында айтылған басым бағыттарды түсіндірді. -Алғашқы кездесуімізді «Агромашхолдинг» АҚ-нан бастауымыз кездейсоқ емес. Елбасының Жолдауында белгіленген нақты міндеттердің бірі осы зауыттың жұмысына қатысты. «СарыарқаАвтоПром» ЖШС кәсіпорны JAC электромобилін шығару жағынан көш бастап тұр. Қарқынды жобаның іске асырылу барысын өз көзімізбен көру біз үшін үлкен қуаныш. Жоғары технологиялы инновациялық өнімдер ел экономикасын дамытудың негізі болмақ. Экспорттық бағытта жұмыс істейтін кәсіпорындарды қолдау үшін Үкімет арнайы шараларды қолға алады деп сенеміз,-деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Айзада Құрманова.
Кездесу кезінде депутат Айгүл Нұркина Жолдауда қозғалған еңбек нарығының жаңғыруы және бизнес-ортаны кеңейту мәселелеріне тоқталды. Айгүл Қабдешқызы Үкіметтің жаңа жылдан бастап нәтижелі жұмыспен қамту және бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасын іске асыруға кіріскенін айтты.
-Аталған бағдарлама аясында Қазақстанның азаматтары жеке бизнестерін жүргізу үшін қалалар мен ауылдарда 16 миллион теңгеге дейін шағын несие ала алады. Бағдарламада отбасылық бизнесті дамытуға ерекше көңіл бөлінбек,-деді депутат А.Нұркина.
Халық қалаулылары бұл күні А.Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың профессорлық-оқытушылық құрамы және студенттермен, Қостанай облыстық ішкі істер департаментінің ұжымымен кездесті. Дәл осы күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары С.Симонов пен А.Базарбаевтың «Нұр Отан» партиясы Қостанай қалалық филиалында азаматтарды қабылдау өткізетіні жоспарланған.
Қымбат Досжанова.
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.