Үйлену де, үй болу да қиын
Қазақта «он үште отау иесі» деген саналы сөз бар. Осы мақал өз дәуірінде дәуірлеп тұрғаны тарих, әдебиеттен бізге мәлім. Балиғат жасына жеткен қыз баланы ұзату дәстүрі болған. Соған орай әрекет етіп дайындалып, ыңғайласа бастаған. Сонымен қатар екі жақтық сәйкестік туа қалған жағдайда, ұл мен қыз дүниеге келсе бесік құда болып атастыру салты да жақсы жүзеге асқан. Болашақ құдалар шарттасып қана қоймай, сол күннен бастап, сәбилер есейген шағына жеткенше, жалпы ауқаттарын жасап қойған. Ақыл-есі кіре бастағанда, қазақта сондай салт барын, оларды сол дәстүр бойынша атастырғандарын айтып, саналарына сіңірген, түсіндірген. Сол кездегі 13 жастан асқан қыз балалар ұзатылып, жас болса да барған үйдің баласындай болып ортаға бала көңілмен сіңісіп кеткен. Өсе келе еңбекке бейімделіп, үй шарусына араласып, түскен жерінің түтінін түтетіп, барған жерінің бақытын ойлаған. Бүгінде сол дәстүрдің дәмін татқандар үлкен ақ жаулықты әжелер. Осының бәрі – ата-аналарының ақылынан аттамай, дәстүрді дәріптеп, сыйлағандықтарының бір көрінісі.
Бүгінде балиғат жасынан асқан 13 жасар қыздарын тұрмысқа беріп жатырған ешкім жоқ. Әрине, ол мүмкін емес жағдай. Өйткені, бізде 13 жасар қыз балалар мектеп жасында. Десек те, сол жаста отау тігіп, тұрмыс құрмаса да, аяғы ауыр болып қалғандар жетіп артылады. Ата- анасының, туған-туысының артынан сөз ерткізіп, масқара етіп, сүйекке таңба салады. Статистика агенттігінің мәліметіне жүгінсек, соңғы 10 жылда елде туған 3 397 652 сәбидің 682987-сі некесіз анадан дүниеге келген. Бұл – әрбір бес баланың біреуі – көрдемше, некесіздіктен туып жатыр деген сөз. Некесіз туылған баланың тағдыры не болары бір Аллаға ғана аян. Балалар үйін жағалап, не болмаса қоқыс жәшігінен табылулары да мүмкін. Міне, ойсыздықтың жегізер опығы осылай болмақ.
Алайда, керісінше, отызға келгенше, тіпті одан асқан ұл-қыздар бейқам жүр. Ал 2012 жылғы деректерге жүгінсек, елімізде жасы 25-тен асқан бойдақтар саны – 3 миллион. Әлгі 3 млн адамның 28,2 пайызы нәзік жандылар болса, 39,6 пайызы – ер азаматтар. Әлбетте, бұл деректерге қарасақ, ел-жұрттың кәрі қыздар мен сүрбойдақтардың көбейгеніне алаңдауына негіз бар. Оның үстіне, 2012 жылы тіркелген бұл көрсеткіштер бүгінге дейін көбеймесе, азайған жоқ. Статистика бойынша, Қазақстанда 18 бен 35 жас аралығындағы күйеуге шықпаған 700 мың қыз бен үйленбеген 300 мың жігіт бар екен.
Мән-жәйін сұрай қалсаң, сылтауы көп, «заманнан» көріп жатады. Ия, бүгінгі заман ырыстының ырқына бағынып тұр. Бар жағдайды жасап алғанша қаншама уақыт өтіп кетеді. «Заманың тазы болса, түлкі боп шал»,- деген мәтел дәл бүгінгінің сипаты. Жігітпен қыз көңіл жарастырып жүрсе, екеуі де астыртын бір – бірлірін зерттеп жүретіні жасырын емес. Пәленің бәрі осында. Әрине, бес саусақ бірдей емес, кемшіліксіз адам болмайды тұрмыс жағынан да. Кейбірі осыларға қарамастан кемшіліктің орынын екеулеп толтырамыз десе, енді бірі қайрылмай кете барады. Бұның бәрі көңіл қалуға әкеліп соқса, екінші тұрғыдан ата-ананың ұлым үйленбей қалады, қызым тұрмысқа шыға алмай қалады деген уайымына алып барады. Және де еліміздің демографиясының артуына да кері ықпалын тигізеді.
Үйленуге келгенде айлығы шайлығына жетпей отырған көп пенделердің той жасауға бәрінің қауқары жетеді деп айта алмаймын. Несие алар болса, оның да өз алдына бейнеті бар. Үйленгеннен кейін де, бастарын сұғарға баспаналары жоқтары қаншама. Ауылда баспана мәселесі шешілетіні анық, ал қалада ұбырып-шұбырып қайда барады.
…Осы түйіткілдер өз орынын тапса, жастарымыздың отау құруларына да құлшыныстары артып, бала санының көбеюіне де мол септігі тиер еді. Айтпағым, жастарымыз дүниеге салынбай, қарапайым қазақы тәрбиемен өсіп-өнсе, ата-ана ұялатындай жағдайлар орын алмайды. Жігерлі жастар, ұсақтыққа бой алдырмауы қажет деп білемін. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) сүннеттерінің бірі үй болып, отау құру болса, сол бақыт баршасына бұйырса екен.
Сералы МЫРЗАБАЙ,
ҚМУ-нің журналистика мамандығының студенті