Мың айдан қайырлы Қадір түні
Қамшының сабындай қысқа ғұмырын құлшылықпен өткізіп, Алла тағаланың разылығын табуды қалаған жандар үшін ең қасиетті түн – Қадір түні. Оның қасиеттілігі сол бұл түнде жасалған құлшылықты Жаратушы Иеміз мың айда жасалған ғибадаттан артық деп қабылдайды. Сондықтан Құранның: “Қадір түні мың айдан қайырлы” деген аятындағы “мың” сөзі де “өте көп” деген мағынаны береді деп есептейді.

Осыған орай аудан әкімі А.Кенжеғарин үрдіске айналған игі дәстүрді жалғастыра отырып, мұсылмандықта басты парыздың бірі саналатын – ораза ұстаған жандарға арнайы дастархан жайып, үлкенді, кішілі аруақтарға құран бағыштатты.
Бұдан кейін мұсылман қауым жамағат қасиетке толы Қадір түні жаратқаннан тілек тілеп, ғибадат ету үшін “Оспанқожа әулие” атындағы мешітке жиналып, “Тарауих” оқыды. Аталмыш мешіттің бас имамы А.Хасенов Қадір түнінің ерекшеліктерін жан – жақты баяндап, “Рамазан айында жасаған жақсылықтарыңыз бен тілеген дұға–тілектеріңіз, ұстаған оразаларыңыз қабыл болсын”, – деп тілектестігін жеткізсе, осы мешіттің наип имамы Ж.Бекмағанбетов пен азаншы Е.Мәмбеталин жиналған жамағатқа тағылымды уағыздар айтып, қасиетті дініміз жайлы сауалдар қойып, жауабын тапқандарға естелік сыйлықтар табыс етті.
Осылайша аудан тұрғындары мың айдан да қайырлы Қадір түнінде құлшылы етіп, таң аттырды.
Байбатыр Ниязбекұлы
Жанкелдин ауданы