Мәжіліс спикері зауыт жұмысшыларымен кездесті
ҚР Парламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин Қостанайға келген сапарында еліміздегі көлік құрастыру ісінің флагманына айналған «СарыарқаАвтоПром» және «АграмашХолдинг» АҚ-ында болып, зауыт жұмысшыларымен кездесті. Салиқалы басқосуда мәртебелі мейман еліміздің Тәуелсіздік алған жылдардан бергі жетістіктеріне кеңірек тоқталып, Қазақ елінің әлемдік қоғамдастықтығы рөлі туралы әңгімелеп берді. Мәжіліс спикері еліміз сонау тоқсаныншы жылдардағы қиындықтан сүрінбей өтіп, содан бергі жиырма бес жылда Орта Азиядағы көшбасшы мемлекетке айналды деді. Тіпті, Қазақстан бүгінде әлемнің бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына батыл енгенін, алдағы жиырма жылдың көлемінде одан да жоғары деңгейге ұмытылып отырғанын ерекше атап өтті.
-Өткен 2016 жыл біздің еліміз үшін, халқымыз үшін өте тарихи жыл болды. Себебі, ата-бабаларымыз ғасырлар бойы армандап өткен Тәуелсіздікке 25 жыл толды. Ол, әрине, әрбір қазақстандықтар үшін зор абырой және биік мәртебе. Бұл біздің тұңғыш Президентіміз, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың басшылығы кезінде жеткен тарихи кезең.
Осы жылдары жерінде қазынасы мол, эконмикалық-әлеуметтік қуаттылығы зор, еліміздегі ең ірі астықты өңірдің орталығы-Қостанай облысының да қосқан үлесі өте зор. Сіздердің аймақтарыңызда елдің игілігі үшін еңбек етіп жүрген кеншілеріміз де, металлургтеріміз де бар. Ең бастысы, әр отбасының, әрбір шаңырақтың дастарханын толтырып, бірлігі мен берекесін жарастыратын қасиетті нанның ордасы да осында. Сондықтан да, Президентіміз Тәуелсіздік алған күннен бастап бүкіл қазақстандықтар үшін құтты мекенге айналған – Қостанай облысына ерекше назар аударып келеді. Елбасының Қостанайға көмегі ерекше.
Тәуелсіздік алған жылдары Сіздердің облыстарыңызда шығарған өнімнің жалпы көлемі 10 млн.теңге болса, қазір бұл көрсеткіш 443 млрд.теңгеге жетіп отыр. Ал өздеріңіз еңбек ететін «СарыарқаАвтоПром» зауытын алатын болсақ, соңғы алты жылда еліміздегі ең қуатты кәсіпорындардың біріне айналды. Облыс әкімінің айтуы бойынша, мұнда қазіргі таңда 1000-нан астам адам жұмыс істейтін көрінеді. Жылына 1 мың 500 автокөлік шығаратын деңгейге жеттіңіздер. Бүгінде Қазақстанда шығарылатын төрт түрлі машинаны алсақ, соның үш түрі осы «СарыарқаАвтоПром» АҚ-ында жасалады. Осының барлығы Сіздердің облыс үшін, Қазақстан үшін үлкен жетістік. Біз алдағы уақыттарда зауыттың болашағы үшін барлық жағдай жасайтын боламыз, – деп атап өтті Мәжіліс төрағасы. Қостанай автоөндірісі – ҮИИД бағдарламасының ішіндегі ең табысты жобалардың бірі. Статистикалық мәліметтер сүйенсек, 2010-2015 жылдар аралығында «ALLurGroup»-тың құрамына кіретін «АгромашХолдинг» АҚ пен «СарыаркаАвтоПром» ЖШС-і профильдік компаниясы жемісті жұмыс істеудің нәтижесінде, Қостанайда 20 000 көлік құрастырылды. Алғашқы жылы өндірістік желіде бар болғаны 77 жеңіл автолкөлік құрастырылғанын ескерсек, бұл соңғы жылдардағы үлкен жетістік деп айтуға болатын табыс. Әсіресе, Қостанай автоөндірісінің алғашқы қарлығашы – Ssang Yong танымалдыққа тез ие болды. Бүгінде одан бөлек «Тойота», «ЖАК», «Номад», «Пежо» тәрізді жол талғамайтын жеңіл көліктер құрастырылып жатыр.
Елбасының өзі өндіріске үнемі жаңа технологияларды енгізу қажеттігін, сондай-ақ, өндірістік процестерді одан әрі автоматтандыру жайлы үнемі айтып жүреді. Қазіргі таңда Қостанайда дәнекерлеу мен сырлау жұмыстарын есептегенде, автокөлік құрастырудың шағын әдістері қолданыла бастады. «СарыарқаАвтоПром» қарым-қатынастықтың өзара тиімді тұстарына назар аудара отырып, көптеген әріптестік байланысқа қол жеткізді. Зауыт жас мамандармен толықты. Әсіресе, өз қаракөздеріміз көлік құрастырудың қыр-сырын әбден меңгеріп алды. Солардың бірі – екі жылдан бері осы кәсіпорында еңбек етіп жатқан Әділ Шәйкемелов. Ол өзінің осы кәсіпті таңдағанына қуанады. -Менің осы бірегей зауытта жұмыс істегеніме екі жыл болды. Алғаш келген кезімде инженерлік-технологиялық департаментінің инженер-технологы болып қызмет атқардым.Кейін жаңа лауазым ұсынылып, 2015 жылдың аяғынан бастап осы күнге дейін сырлау цехының бөлім бастығы болып жұмыс істеймін. Елімізде дәнекерлеу мен сырлауды қосқанда , ұсақ түйінді құрылысты меңгерген бұл алғашқы және жалғыз кәсіпорын. Мен осыған үлкен қуаныштымын. Осы кәсіпорынның арқасында биыл А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай мемлекеттік университетінде жоары білім сатысын бітіремін.Өткен жылы Ресейдің Тольятти қаласындағы автокөлік шығаратын зауытта тәжірбиеден өтіп келдім. Біздің зауытта жұмысшыларды үйрететін оқыту бөлімі бар.Жалпы, біздің қызметкерлер Ресей, Жапония, Корея тәрізді шет мемлекеттерде жиі болып тұрады.Сол елдердегі осындай зауыттарға барып, жұмысымен танысады. Өздеріне қажет дүниені үйреніп қайтады.Бір айта кететін жәйт, ол қазіргі таңда әлемде болып жатқан экономикалық, саяси-әлеуметтік дағдарыстарға қарамастан еліміздің біздің зауытқа көрсетіп жатқан көмегі туралы айтпай кетуге болмайды,-дейді жас маман.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суреттерді түсірген Бағдат АХМЕТБЕКОВ.