Жаңа жылды жаңа қозғалтқышпен бастады
Жаңа жылдың алғашқы күндері «ССКӨБ» АҚ үшін маңызды оқиғалармен басталды. Атап айтсақ, Қашар кен басқармасына тиесілі HITACHI ауыр жүк көліктерінің біріне су жаңа қозғалтқыш сатып алынды.
ЕН3500 маркалы жапондық ауыр жүк көлігі кен үйінділерін тасымалдау бойынша әлемдік көшбасшы болып саналады. Бүгінде Қашар алаңында осындай көліктің 21 данасы күні-түні тынбай жұмыс істеп тұр. Олардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында басшылық тарапынан қолға алынған шаралар өз жемісін беріп келеді.– Бүгін – біз үшін өте қуанышты күн. Себебі жүк көтерімділігі 180 тоннаны құрайтын HITACHI автосамосвалдарына жаңа қозғалтқыштар күнде сатып алынып жатқан жоқ. Бұл жоба комбинаттың инвестициялық бағдарламасының аясында жүзеге асып отыр. Құдай қаласа, жуық арада тағы да 3 қозғалтқыш әкелінбек. Осының барлығы бізге техникалық дайындық коэффицентін қажетті деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік беретініне сенімдімін, – дейді «ССКӨБ» АҚ Техникалық қызмет көрсету мен жөндеу жөніндегі вице-президенті Жәнібек Байғабылов.
Ресейдің Каменск-Уральский қаласынан 171 миллион теңгеге сатып алынған QSK50 қозғалтқышының көлемі 50 литр, ал қуаты 2000 аттың күшін құрайды. Салмағы шамамен 6800 келі.– Техникалық ережеге сай 3 жылдай пайдаланылып, кемінде 2 рет күрделі жөндеу көрген қозғалтқышты қайта жөндеуге болмайды. Сондықтан біздің ұсынымызды қабылдып, жаңа жылға осындай сыйлық жасағаны үшін басшылыққа алғыс айтамын. Жаңа қозғалтқышты орнату, қосу және тексерістен өткізу жұмыстарын білікті 4 маманымыз 10 күндей жасайтын болады, – кен алыбының Автокөлік басқармасының учаске басшысы Әлібек Байшалов.
Айта кетейік, бірлестіктің инвестициялық бағдарламасы шеңберінде 2015-2016 жылдары бірнеше техника күрделі жөндеуден өтіп, көбі жаңасына ауыстырылды. Нәтижесінде комбинаттағы еңбек өнімділігін бірнеше есеге артып, өндірісті жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік берді дейді мамандар.
Қуаныш ЕСҚАБЫЛ