Болашақ тұғыры – озық технология

Жаһандану дәуірінде ғылыми ықпалдастық аясын кеңейту – басты міндет. Оның ішінде заманауи техниканы игеруде әлеуетті арттыру маңыздырақ болып тұр. Адам өміріндегі бірқатар мәселелерді оңтайландыра түсетін құлтемірлер мен технологиялық тетіктердің қазіргі заманда алатын рөлі ерекше. Мәселен, жапониялық ғалымдардың сөзіне сүйенсек, адамзаттың қолынан келетін 600-ге жуық мамандықтың 50 пайызын роботтар игере алады екен. Бұл дегеніміз – өмір сүру сапасының артуы, озық білім, әрісі мол табыс әкелетін кәсіп көзі.
Осы бағытқа біздің еліміздің де бет бұрып келе жатқаны байқалады. Замана ағысының арнасына түспеске болмас, әрине. Жапонияға жетпесек те, ТМД төңірегінде үздік болуға таласымыз бар. Алысқа бармай-ақ, Қостанайдағы Техникалық шығармашылық мектебін сөзімізге тиек етсек. Бұл білім ошағы 400-ден астам баланың құлтемір құрастырудағы қабілетін дамытып келеді.IMG_2632 - копияЕрекше мектепте робот құрастырудың инновациялық бағдарламасы 2014 жылы енгізілген. Бұған дейін түрлі нәрселерді құрастыру мен модельдеуге арналған LEGO бөлшектерінен өздігінен қозғалатын және алыстан басқарылатын машиналар жасаумен шектелген еді. Мұндағы оқушылар құрылысқа бағытталған техникалар мен су асты және су үстінде жүзетін қайықтарды, әуеде қалықтайтын әскери ұшақтарды оп-оңай құрастыра алады.
-Бізде екі топ бар. Әуелгісі – 7 мен10 жас аралығындағы балақайларға арналған дайындық тобы. Мұнда қазрігі уақытта 130 бала білім алады. Екіншісі – 11-18 жастағы жасөсіпірімдер оқитын модельді үйірмелер. Бұл топта оқушы саны 300-ге жуық. Негізгі мақсатымыз – дарынды балалардың техникалық шығармашылық қасиеттерін арттыру. Балалардың жастайынан өзін-өзі танып, қызығушылығын кәсібіне айналдыруына көмектесеміз. Техникалық орталықта оқитындардың ойлау қабілеті шапшаң, өрісі кең болады. Олар, алдымен, адам еңбегін бағалайды. Өйткені, бар уақытын сарп етіп, маңдай терін төгіп құрастырған бұйымының бағасын біледі,-дейді мектеп директорының орынбасары Наталья Зубко.IMG_2665 - копияБүгіндері бұл мекеме Міржақып Дулатов атындағы Қостанай инженерлік-экономикалық университетімен әріптестік байланысты берік ұстанған. Айтулы оқу ордасының студенттері бар білгендерін мектеп оқушыларына үйретіп жүреді. Сондай-ақ, техникалық шығармашылық мектебін жақсы аяқтаған оқушы ҚИнЭУ-де тегін оқуға мүмкіндік алады. Сонымен қатар, Қостанай қаласындағы бірқатар мектептерде техникалық шығармашылық орталығының филиалдары бар. Қосымша сағат ретінде орта мектеп оқушыларына білім береді.IMG_2632 - копия-Қазіргі таңда бүкіл әлем техникаға тәуелді. Барлығы автоматтандырылған жүйеге көшуде. Егер дамыған елдердің қатарына қосылғымыз келсе, техника тілін меңгерген жөн. Тек қана мұнымен шектелмей, келешекте құлтемір құрастыруды кәсіпке айналдырсақ, тіпті жақсы болар еді. Былтыр шет елдерден оқытушылар келді. Олармен тәжірибе алмасып, жаңа мүмкіндіктерге жола аштық десек болады. Біздің шеберлеріміз де оларға жиі барып тұрады. Яғни, ұстаздық ұжым жаман емес деген сөз. Бет алысымыз жақсы. Оған оқушыларымыздың жетістіктері себеп. Республикалық, халықаралық деңгейдегі байқауларда топ жарып жүр,-дейді өз сөзінде Н.Зубко.
Осы мектептің оқушысы Александр Мединсов жүк көлігінің LEGO нұсқасын бар-жоғы 6 күнде құрап шыққан. Оның туындысы алыстан басқарылады. Құрылыс алаңындағы кәдуілгі краннан еш айырмашылығы жоқ, тек көлемі шағын. Бұл да жеңіл заттарды көтеруге, тасуға жарамды. Ендігі жоспарлары – оның қызметтерін күрделілендіре түсіру.
 
Кенже ҚОНЫСБАЙ
Суреттерді түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ.     
       
   
 

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓