Тәуелсіздікпен қатар келген мерейтой
Саналы ғұмырын жас ұрпақты тәрбиелеуге арнап, балабақша табалдырығынан алғаш аттаған бүлдіршіндерге тәлім-тәрбие мен мейірім жылуын сыйлаған Ақмарал Ержігітованың “Балдырған” балабақшасында қызмет жасағанына 25 жыл толып отыр. Ширек ғасырлық тарихы бар Тәуелсіздіктің мерейтойымен қатар келген айтулы күнді атап өтуді жөн санаған әріптестері “Менің мамандығым – мақтанышым” атты кеш ұйымдастырды. Кешке шақырылған меймандар аудандық білім беру бөлімінің әдіскері Айгерім Райсова, Ақмарал Мұратқызының шәкірттері, еңбек жолында қызыметтес болып, ұстаздықтың қайталанбас тамаша сәттерін бірге бөлісіп, зейнеткерлікке шыққан аяулы қарт ұстаздар ең алдымен балабақша өміріне саяхат жасады. Сондай-ақ, жас ерекшелігімен бөлінген топтарды аралап, ондағы кішкентай бүлдіршіндердің өнерлерін тамашалады. Бұдан кейін білім беру бөлімінің әдіскері Айгерім Райсова кеш иесін айтулы күнімен құттықтап, еңбегіне табыс, отбасына амандық тілеп, сый-құрмет көрсетті. Артынша, жиылғандарға алғаш еңбек жолын 1991 жылы бастаған Ақмарал Мұратқызының естелік суреттері мен бейнероликтер көрсетілді.

Ержігітова Ақмарал Мұратқызы 1970 жылы Қостанай облысы Жангелдин ауданында дүниеге келген. Ы.Алтынсарин атындағы қазақ орта мектебін тәмәмдағаннан кейін 1989-1991 жылдар аралығында Арқалық педогогикалық учелищесін бітірген. Сонымен қатар, білімін одан әрі жетілдіру мақсатында Ы.Алтынсарин атындағы мемлекеттік институтына оқуға түсіп, қалаған мамандық иесі атанды. Алғаш еңбек жолын “Күн шуақ” балабақшасынан тәрбиеші болып бастаған Ақмарал Мұратқызы бір жылға жуық қызмет жасап, “Балдырған” балабақшасына жұмыс ауыстырады. Содан бастап табаны күректей 25 жыл бір жерде еңбек етті. Ақмарал өзінен кейінгі жас мамандарға ақыл-кеңес беріп, әріптестерінің арасында зор құрметке ие болды. Нәтижесінде елелулі еңбегі еленбей қалған жоқ. Аудан әкімінің, облыстық және аудандық “Нұр Отан” партиясының алғыс хаттарымен марапатталды. Аудандық білім беру бөлімінің құрмет грамотасына ие болды. “Балдырған” балабақшасының кәсіподақ төрайымы Гүлбарам Бақытқызы, қызметтес болған қарт ұстаздар қауымы қызығы мен шыжығы мол сәттерді еске алып, ой бөлісіп, тілектестіктерін білдірді. Ал балабақша бүлдіршіндері мың бұралып би билеп, ұстаздары туралы өлең жолдарын арнады. Әріптесі Қуанышкүл Дарханқызы “Әкем, Анам” әнін кеш иесінің құрметіне тарту етті. Ақмарал Мұратқызының шәкірттері алғыс хаттарын тапсырып, гүл шоқтарын ұсынды. Технологияның дамығандығы сондай, әр қалада арман қуып жүрген бір топ шәкірттері интернет желісі арқылы құттықтауларын жолдады.
Тебіреніп тілек айтқан “Балдырған” балабақшасының меңгерушісі Гүлнар Марқабайқызы Ақмарал Мұратқызын 25 жылдық мерейтойымен құттықтап, ұжым атынан естелік сыйлық тапсырды. Балабақшы қызметкерлерінің дайындаған “Туған күн кешінде” атты қойылымды көпшіліктің назарына ұсынды.
Кеш иесі Ақмарал Ержігітова еңбек жолындағы игілікті істерді елеп-ескеріп, арнайы кеш ұйымдастырған ұжымына, сыр бөлісіп, өткен күнді еске салған зейнет жасындағы қызметтестеріне, шәкірттеріне алғыс айтты.
Байбатыр НИЯЗБЕКҰЛЫ,
Жанкелдин ауданы