Жерге кезек көп
Облыста жер учаскесін алуға кезекте тұрғандардың саны 16 мыңнан асады. Облыстық құрылыс және архитектура басқармасының басшысы Арман Бекенов олардың қатары жылма-жыл толығып отыратындығын айтты. Өйткені, жылына 300-500 аралығында ғана жер телімі берілсе, кезек саны осы мерзім аралығында кемі 1500 адамға көбейетін көрінеді.
Тұрғындардың көбі жекеменшік үй салуға мүдделі. Әсіресе, қала іргесіндегі Қонай шағын ауылынан жер алғысы келетіндер қатары артқан. Күні бүгін осы ауданнан он сотық жер алуға 2300 адам кезекте тұр дейді басқарма басшысы. Бірақ, арнайы жер телімдері белгіленген орынға инженерлік-коммуникациялық желі толық тартылмайынша, ешкімге жер берілмейді.
-Заң бойынша жер телімдері халыққа инженерлік-коммуникациялық желісі тартылған соң, дайын күйінде ұсынылуы тиіс.Әйтпесе, жұрт алдымен үй салып алады. Ал оның не жарығы тартылмаған, не дұрыс жол жоқ. Мұндай жағдай қайталанбауы керек. Қазір бұл жұмыстар жүзеге асып жатыр. Ол алдағы бірер жылдың шамасында аяқталады,-деді Арман Бекенов.
Әлібек ЫБЫРАЙ
Суретті түсірген Айбек ЖҮЗБАЙ