Басылымға жазылу науқаны жалғасуда (ФОТОРЕПОРТАЖ)
Жыл аяғына таман баспасөзге жазылу жедел жүретіні жамағатқа белгілі жайт. Федоров ауданынан бастау алған баспасөзге жазылу науқаны мерекесі Қостанай ауданының орталығы Затобол кентіндегі «Золотой колос» мәдениет үйінде салтанатты түрде аталып өтті. Облыстағы беделді басылым өкілдерінің қатысуымен өткен «Баспасөзге жазылу күні» іс-шарасы аудан әкімдігі және «Қазпошта» АҚ аудандық байланыс торабымен бірлесіп ұйымдастырылды. Бұл салтанатты шара өңірлік басылымдардың бағытын ілгерілету мақсатында ұйымдастырылғанын біз осыған дейін айтқан едік.
Әп дегеннен концерттік бағдарламамен өткен мерекелік шараға халық аз жиналмады. Әр басылым өкілдері өз талантын көрсетіп, ән айтып, өлең оқып, жазылушыларға өз басылымының тарихы, өткені, болашағы туралы әңгімелеп берді. Жиналған бұқара жұрт журналистерге сауал қойып, көкейде жүрген ойларын да айтты.
Алдымен сөз алған қазақ баспасөзінің қарлығашы – «Қостанай таңы» облыстық газетінің директоры-Бас редакторы Жанұзақ Аязбеков осыдан екі жыл бұрын Затобол кентінде газет оқырмандарымен жүздескенін, газеттің өткен тарихына, келешегіне тоқтала отырып, халықтың көкейінде жүрген мәселелерге пікір білдіргенін және сол кездесуде айтылған сауалдар газет бетінде жарияланғанын баяндады. Сондай-ақ, сол кездесуде газеттің жас тілшілері мен жанашырлары табылып, оларды марапаттағанын да сөз етті.
Мерекелік іс-шарада тағы бір мәрте газет жанашырларының қатары толығып, жас тілшілері өз куәліктерін алды. Атап айтсақ, Н.Наушабаев атындағы Затобол мектеп гимназиясының директоры Әлмұрат Ахметов және мектеп кітапханашысы Сәуле Сартова газет жанашырлары қатарынан көрінсе, 9-сынып оқушысы Ажар Есенжолова мен 10-сынып оқушысы Жанна Қадырова жас тілшілер ретінде танылды. Ал, газеттің бұрынғы жанашырлары және тұрақты авторлары Мырзағали Құрманов пен Гүлсайра Хафизова алғыс хатпен марапатталды.
Өңірдегі басқа басылымда қызмет істеп жүрген әріптестеріміз де іс шара соңында өздерінің сүйікті басылымдарына жазылып, келер жылға журналистерден ойлы, қызықты айдарлар күтетінін, халықтың мұң-мұқтажын көрсетіп, мәселесін қозғайтын мақалалар санын арттыруды талап етті.
Нұрболат МЕШІТБАЕВ.
Суртеттерді түсірген Бағдат Ахметбеков