Бір ауылда: Су қымбат, зират қараусыз

Арқалық қаласына қарасты "Целинный" ауылына жолыңыз түсе қалса екі үлкен проблема алдыңыздан шығады. Ауыл тұрғындары да мұны айта – айта шаршаған сыңайлы. Оның бірі – ауыз су мәселесі болса, екіншісі – ауыл сыртындағы зиратты су шаю қауіпі төніп тұрғаны.
  Беріден бастасақ "Ақбұлақ" бағдарламасы арқылы өткен жылы ауылға жаңа су құбыры тартылған. Талап бойынша ол үйді – үйге енгізіліп, су есептегіштері де орнатылып қойылыпты. Басында қатты қуанғанымен ел қазір одан ат – тонын ала қашуға айналған. Себебі, су бағасының (1 куб. 1433 теңге) тым қымбаттығы.     
  Зират мәселесі де аз жыр болмапты. Жоғары жаққа Парламент мәжілісінің депутаттарына дейін жетіп, біраз құжаттар жинақталып қалған. Арыз – шағымдар, әрлі – берлі жолданған мөр басқан қағаздар соның айғағы. Алайда, одан әзірге ешбір нәтиже көрінбейді. 
 Ауыл әкімі– Ауылымыздың тыныс – тіршілігі артып келеді. Елдің ауызбіршілігі жақсы. Өткен жылы 1 млн. 470 мың теңге қаражатқа 22 лампа орнатылып, бүкіл көшелеріміз жарықтандырылды. Тұрғындарымыз алғысын айтып жатыр. Тек, осы бір 2 мәселенің күрмеуі қиын болып тұр. Су келгенмен ел "Аристон", кір жуатын машина сияқты тұрмыстық техникаларды пайдалана алмайды. Зиратты табиғи апаттан қорғау үшін қаражат жинауға халық қарсы емес. Көшіп кеткен кісілердің өзі де алаңдап, жиі хабарласып тұрады. Шот ашылса, немесе бір адам қаражат жинайтын болса үлестерін қосудан тартынбайды. Техника, жанар – жағар май қажеттігін халық түсініп отыр,- дейді ауыл әкімі Қаншайым Үкібайқызы.
Оны тұрғындар да қостап отыр.
Құралай Ысқақова, ауыл тұрғыны:
 – Ауылға келген ауыз судың азабы да аз болған жоқ. Суды үйге енгізу үшін  метрін 6 мың теңгеге бағалаған арықты да қаздырдық. Есептей келгенде ара қашықтығына қарай әр үйден 40 – 50 мың теңге жұмсалды. Ауыл аймақ болып, әупірімдеп бұл мәселені шешкенде, енді екіншісі шықты. Судың бағасы өрескел жоғары. Бәрінен бұрын, үйде тұрған заттың игілігін көрмеген қатты қиын екен.
DSCF5586Төлеп Төлегенов, ауыл тұрғыны:
  – Үйімізге су келіп тұр. Бірақ, біз оны бұрынғысынша 10 шақырымдай жерден тасып ішіп отырмыз. Бағасы қымбат болғандықтан осылай істемеске лажымыз жоқ. Қолданбағасын болар, құбыр суы да кермектеніп барады. Бара – бара тетіктері құр босқа шіритін шығар.
Бейсенбай Ескендірұлы, ауыл тұрғыны:
  – Ата – бабаның қорымын сақтап қалу үшін ауылдастарымыз аянып отырған жоқ. Сыртқа көшіп кеткен ағайындарымыз да қатты алаңдаулы. Өйткені, бұл қорымда олардың ата – әкелері, бауыр – туғандары жатыр. Жалпы, бұл барлық мұсылман баласының жанын жабырқататын жағдай. Қазіргі алпауыт техникалар үшін бұл өзі көп те шаруа емес. Ең арғысы бір бульдозер, бір экскаватор жақсы жұмыс істесе, екі – үш күнде бітетін шаруа.
222111
Целинный ауылында 518 халық тұрады. Кезінде тұрғындары бұдан да көп болып, өсіп өркендеген жер. Ауыл өтпелі кезең қиындықтарын артқа тастап, ел дамуымен бірге алға қарай қадам басуда. Қазір бұл мекенде 23 жеке шаруа қожалығы, 3 жеке кәсіпкерлік, 1 ЖШС жұмыс істейді. Алайда, олардың бәрі де осы жоғарыда көтерілген мәселелерге қатты алаңдаулы.                                                                     
  
                                                                                  
Мұрат Жүнісұлы
Арқалық қаласы

You may also like...

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

↓