Сарбаздар марапатталды
ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығы қарсаңында Қостанайдағы ҚР Ұлттық Ұланы 6697 әскери бөлімінде Отан алдындағы азаматтық борышын өтеген сарбаздар марапатталды. Іс-шара Е.Өмірзақов атындағы облыстық филармонияда өтті.Бір жыл бойы әскери міндетін адал орындаған 209 сарбаз туған жерлеріне қайтады. Сарбаздар Қазақстанның әр аймағынан келіп, Отанға адал қызмет етуге ант қабылдады. Олар белгіленген мерзім ішінде әскердегі тәртіпке бағынып, өз міндеттеріне жауапкершілікпен қарады. Әскери борыштарын үлгілі орындап, қызмет атқару кезінде көрсеткен ынталары үшін запасқа шыққан бір топ сарбаз №6697 әскери бөлімінің командирі, подполковник Қ.Берсүгіровтің қолынан дипломдар мен мадақтама қағаздарын алды. Қостанай қаласы әкімінің орынбасары Бибігүл Аққожина үлгілі сарбаздарды құттықтап, Қостанай облысы және Қостанай қаласы әкімдерінің грамоталарын тапсырды.
– Әскер – өмір мектебі. Олар үйде ата-аналарының тәрбиесімен өседі. Бәрі бір-бір үйдің еркелері болса, әскерде бәрінің құқығы бірдей. Спорттық дайындықтан өтеді. «Бәріміз – біріміз үшін, біріміз – бәріміз үшін» деген ұранмен тәрбиеленеді. Әскерге келген жастар алғашқы күндері қиналады. Таңғы алтыда тұрып, жаттығу жасайды. Әскерде болған жігіттерді нағыз азамат дер едім. Біздің елімізді қорғайтын нағыз патриоттар әскерден шығады,-деді бөлім командирінің тәрбие жөніндегі орынбасары Жәнібек Сәрсенов.
Қымбат Досжанова.
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков
Суреттерді түсірген Бағдат Ахметбеков