Алты айдағы көрсеткіш жаман емес
Облыстың әлеуметтік-экономикалық ахуалына сараптама жүргізген облыстық статистика департаментінің мамандары алты айдың қорытындысын мәлімдеді.
Статистикалық деректерге сүйенсек, биылғы жылдың алғашқы жарты жылында облыс кәсіпорындары 258,2 млрд. теңгенің өнімін өндіріпті. Негізгі қорға 75 млрд. теңге инвестиция құйылған, инвесторлардың дені ауыл, орман және балық шаруашылықтарындағы өндірістерді қамтиды. Ал, ағымдағы жылы кеден одағы елдерімен сауда-саттық 556,2 млн. доллардан асқан. Ресейге құны 376 млн. доллар болатын тауар экспортталса, біздің елімізге сырттан 171 млн. доллардың тауары импортталған. Көбіне бізге көліктер мен метал және азық-түлік әкелінеді екен. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 41,4 млрд. теңгені құрады.
Тұрғын үй құрылысы да қарқын алған, биыл 987 жаңа пәтердің кілті табысталыпты. Өңірдегі ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасы 18966 теңге болса, ал облыс кәсіпорындарындағы бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 88619 теңгені құраған. Ең жоғары жалақыны қаржыгерлер мен сақтандыру компанияларының қызметкерлері алады екен.
Сонымен қатар, биыл өңірде өңдеуші кәсіпорындар 6 пайызға өскен, бірақ ет өнімін өндіру өткен жылмен салыстырғанда біршама азайған. Ұн, шұжық, макарон, қант және кондитерлік өнімдері молынан шығарылыпты. Осыған қарамастан жыл басынан бері кейбір азық-түлік түрлерінің бағасы қымбаттаған. Мәселен, көкөністер мен жемістер 20 пайызға , қант 10,3 пайызға, балық және теңіз өнімдері 3 пайызға қымбаттаса, ет, сүт және тағы да басқа бірнеше азық-түлік түрлерінің бағасы жоғарылаған. Ал, арзандағаны тек жұмыртқа мен күнбағыс майы ғана. Жыл басында тарифтің де қымбаттайтын әдеті емес пе, алты ай ішінде жылу, жарық, газ, ыстық су тәрізді коммуналдық қызмет түрлері 1 мен 6 пайыз аралығында қымбаттаған көрінеді.
Қарлығаш Оспанова